НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев Қазақстан президенті ретінде Татарстанға келгеніне өте қуанышты екенін жеткізіп, маңызды жобаларды іске асырудың қажеттілігіне тоқталды.
"Бізде екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобалар бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз", – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңыздылығын да ерекше атап өтті.
"Елдеріміз арасындағы байланыстың тарихы терең, тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланысымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таңғаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын", – деді президент.
Сондай-ақ, Тоқаев Рустам Миннихановқа Мәскеуде өткен табысты келіссөздер туралы айтып берді.
"Келіссөздің мазмұнына, кездесу нәтижелеріне көңілім толды. Біз, әрине, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде Татарстанмен арадағы ынтымақтастықты Қазақстанның дамыта беретіні жөнінде де әңгімелестік. Владимир Путин баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Ресей Федерациясының қарқынды дамып келе жатқан субъектілерінің бірі - Татарстанға ерекше тоқталды және осы республикаға жұмыс сапарымен бару жөніндегі шешімімді қолдады", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Қазақстан – Татарстан үшін стратегиялық серіктес, деді Рустам Минниханов
Татарстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту стратегиялық маңызы бар міндет екенін жеткізді.
"Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған", - деді Рустам Минниханов.
Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты "Дуслык" орденімен марапаттады.
Минниханов Тоқаевты "Дуслык" орденімен марапаттады