Денсаулық

Сәби ауыр хәлде тікұшақпен Павлодарға жеткізілді – видео

Қазір кішкентай пациент қала дәрігерлерінің бақылауында
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Қазақстанның құтқару авиациясы жаңа туған сәбиді шұғыл түрде Екібастұздан Павлодарға жеткізді.
"Қазәуеқұтқару" баспасөз хатшысы Алмаз Ғабдулиннің ақпаратынша, Екібастұзда сәби ауыр хәлде жатқан. Оны тасымалдауға Eurocopter H-145 тікұшағы ұшып шықты.
"Медицина авиациясы мамандандырылған неонатология бригадасының дәрігерлері нәрестені Павлодарға аман-есен жеткізді. Ол жол бойы автоматты түрде оттегі беретін кувезде жатты", - деді Ғабдулин.
Әуежайда кішкентай пациентті жедел жәрдем автокөлігі күтіп тұрған. Қазір сәби №1 облыстық перинаталды орталық дәрігерлерінің бақылауында жатыр.