Оқиға

Алматыда үш автобус соқтығысып қалды – видео

Жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Полиция қызметкерлері тергеуді бастады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Алматыда үш автобус соқтығысып қалды. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 11 ақпанда шамамен сағат 10:30-да YUTONG BUS маркалы автобустың жүргізушісі Райымбек батыр даңғылымен келе жатып, қашықтықты сақтамай, алдындағы SAZ маркалы автобуспен соқтығысқан. Ол инерциямен алға жүріп, басқа бір YUTONG-ты соққан.
"Жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі кезде Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеуді бастады", - дейді полицейлер.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық көлікке арнайы жолақ берілсе де, жол апаты тыйылмай тұрғанын жазып жатыр. Біреулер автобустар тағы жарысты десе, енді біреулер "телефон шұқылаудың кесірі" деп отыр.
"Бұлар тағы жарысқан ғой, жолаушылар үшін таласып, құтырады да жүреді. Адам тасып жүргенін ұмытып кетеді. Бәрін "тиеп" алады да, жын қуғандай жарысады", - деп жазды қала тұрғыны.
"Бір қолымен рөлді, екінші қолымен телефон ұстайды. Арасында кофе ішіп үлгеретіндер бар", - дейді басқа тұрғын.
Автобус жолағын алып тастауды ұсынғандар да болды.