Қоғам

Әкімдер халыққа қалай есеп береді – нақты талаптар жарияланды

Шенеуніктерге жиналыстарға қалай дайындалып, қанша уақыт сөйлеу керектігі айтылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Үкімет әкімдердің тұрақты кездесулерін өткізу туралы президент жарлығының жобасын әзірледі. Құжатта халыққа есеп берудің нақты тәртібі көрсетілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаулыға сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен тұрақты көшпелі кездесулер өткізуге міндетті. Осы шаралар барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылуы шарт.
Әкімдер техникалық мүмкіндіктерді ескеріп, әлеуметтік желілер арқылы халықпен пікір алмасып тұруы қажет. Ал облыс басшыларының кездесуі онлайн-трансляция арқылы басқа аудандар мен ауылдарда көрсетілуі керек.
"Кездесулерге арналған баяндама кездесудің жоспарланған уақытының төрттен бір бөлігінен аспауға және "сұрақ-жауап" форматында өтуге тиіс", - делінген құжатта.
Кездесуге дейін арнайы комиссия неғұрлым өзекті және басым мәселелерді жинап шығуы шарт. Кездесу туралы хабарландыру берудің нақты мерзімі көрсетілген. Атап айтқанда, облыс әкімдері бір ай бұрын, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімдері екі апта бұрын, ал ауыл, кент, ауылдық округ пен қаладағы аудан әкімдері бір апта бұрын халыққа хабар беруге тиіс.
Әрбір кездесуден кейін он күннің ішінде халық көтерген проблемалық мәселелердің тізбесі жарияланады. Ал іс-қимыл жоспарында проблемаларды шешудің нақты мерзімдері мен жауапты орындаушылары көрсетіледі.
"Халық алдында есеп берілгеннен кейін тоқсан сайын әрбір айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпарат ресми интернет-ресурстарда және "электронды үкімет" веб-порталында орналастырсын", - делінген қаулыда.
Бұдан бөлек, құжатта көшпелі кездесулердің саны да көрсетілді. Мәселен, облыс әкімдері жарты жылда бір рет әр ауданға және облыстық маңызы бар қалада, кемінде бір көшпелі кездесу өткізуі шарт. Республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудан, ауыл мен кент әкімдері тоқсан сайын жер-жерге шығып отыруға тиіс. Бұдан бөлек, халықтың талабы бойынша кездесуді кестеден тыс уақытта өткізу керек.
"Әкімдердің тұрақты кездесулерін өткізу туралы" президент қаулысы 16 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.
Қоғам
Әкімдер наразы халықпен тіл табыса алмады – сарапшылар негізгі себебін айтты