НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы болып Арманбек Баймұрзин тағайындалды. Оның кандидатурасы Президент әкімшілігімен келісілген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды.
Облыстың бас полицейі туралы не белгілі
Арманбек Баймұрзин 1974 жылы туған. Ішкі істер органында 1992 жылдан бастап қызмет атқарады.
2004 жылдан 2012 жылға дейін ІІМ Криминалдық полиция комитетінің басшылық лауазымдарында жұмыс істеді.
Әр жылдары Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің бастығы болып жұмыс істеді.
2019 жылдың қазан айынан бастап қазіргі таңға дейін Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды.
Бұрынғы басшы қайтыс болды
10 қаңтарда Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының мәйіті табылғаны хабарланған болатын. БАҚ хабарлауынша, генерал Жанат Сүлейменов өз-өзіне қол жұмсаған.
Қаңтардағы бүлік кезінде Таразда полицияның 3 ғимараты мен 50-ден астам көлігі өртелген болатын. Барлығы өңірде жеті мемлекеттік ғимаратқа, 25 кәсіпкерлік нысанына зақым келген. Жалпы шығын 11,5 миллиард теңгені құрады.
Қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына 10 миллион теңге төленді.
Жамбыл облысында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 82 адам қамауда отыр.