АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы жобалар өзінің жеке бақылауында болатынын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы мемлекет басшысы Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз өткізгеннен кейін айтты.
"Пандемия, карантин шараларына қарамастан, сауда бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізілді – өткен жылы сауда көлемі 21 миллиард доллардан асты. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бестігіне кіреді. Олардың салымының жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асты. Қазақстанда Ресей, әрине, шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша көшбасшы болып табылады. Олардың үштен бірі ресейлік компаниялардың қатысуымен құрылды, олардың жалпы инвестициялық портфелі барлық салада ұсынылған", - деді Тоқаев.
Ол сондай-ақ екі елдің басшысы өндірістік кооперацияны кеңейту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылағанын жеткізді.
"Бұл бағытта біздің елдеріміз 13 ірі жобаны аяқтады. 2,5 миллиард доллардан астам сомаға 8 жоба іске асырылу сатысында тұр. Тағы 11 жоба пысықталып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 1,5 миллиард долларды құрайды. Келіссөздер барысында Владимир Владимировичті осы жобаның барлығы менің жеке бақылауымда болатынын және олар жаңа жұмыс орындарын құруға, елдеріміздің өнеркәсіптік, технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталатынын айттым", - деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл екі ел үшін айтулы жыл – екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын айтып өтті.
"Осы уақыт ішінде достықтың берік байланыстарына, біздің халықтарымыздың менталдық жақындығына сүйене отырып, біз шын мәнінде үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықты орнаттық. Қарқынды саяси диалогтың арқасында барлық бағыт бойынша табыстарға қол жеткіздік. Біздің әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекарамыз бүкіл халықаралық қоғамдастыққа нағыз үлгілі тату көршінің, сенімді ынтымақтастықтың және стратегиялық серіктестіктің жарқын мысалы болып отыр", - деді Тоқаев.
Айта кетері, бүгін Қазақстан мен Ресей президенті бірнеше сағатқа жалғасқан келіссөз жүргізіп, білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойды.