НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Ресей Қазақстанмен әскери-техникалық ынтымақтастықты жалғастырады. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізгеннен кейін мәлімдеді.
"Ресей Қазақстанға Ресей қорғаныс министрлігінің және басқа да күш құрылымдарының жоғары оқу орындарында әскери мамандарды даярлауға әрі қарай көмектесе береді. Республика аумағында ресейлік әскери техникаға қызмет көрсететін лицензияланған өндіріс орындары мен сервистік орталықтарды құру бойынша жұмысты жалғастырамыз", - деп атап өтті Ресей басшысы қорытынды баспасөз конференциясында.
Путин Қазақстан мен Ресей интеграциялық ынтымақтастықты ең алдымен ЕАЭО аясында белсенді дамытып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Ресей Федерациясы мен Қазақстанды нағыз берік одақтастық және тату көршілік дәнекерлер байланыстырады, биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.