Қоғам

Қаңтар оқиғалары: билікті асыра пайдалану бойынша 133 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Прокуратура органдарына тергеу кезінде азаматтарды азаптау және құқығын бұзу фактілері туралы 250 шағым түскен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ұсталғандарды азаптау, билікті асыра пайдалану фактілері бойынша 133 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ұсталғандарға қатысты өлім, азаптау, билікті асыра пайдалану фактілері бойынша істер тергеліп жатыр. Барлығы 133 қылмыстық іс тергелуде. Тергеу объективті болу үшін барлық іс бойынша процессуалды прокурорлар белгіленді", - деді Кененбаев мәжілісте адам құқықтарын қорғау туралы дөңгелек үстелде.
Айтуынша, прокуратура органдарына тергеу кезінде азаматтарды азаптау және құқығын бұзу фактілері туралы 250 шағым түскен.
"Біз әрбіріне мән береміз. Жекелеген жағдайларда азаматтардың құқығы бұзылғаны расталып жатады. Мысалы, 12 қаңтарда Алматы прокуратурасы заңсыз қамауда отырған 24 тұрғынды босатты. Арнайы прокурорлар бұл фактіге қатысты тергеу жүргізіп жатыр", - деді бас прокурордың орынбасары.
Ұстауға ешқандай негіз болмауына байланысты прокурорлар барлығы 96 адамды уақытша ұстау изоляторларынан босатқан.
Қоғам
"Сіздермен үнемі бірге болдым": Сағынтаев алматылықтармен қимай қоштасты