НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Елорда полицейлері арнайы операция кезінде үш ер адамды ұстады. Олар жергілікті кәсіпкерден шамамен 3 миллион теңге бопсалағаны үшін айыпталып отыр.
Полицияға арызданған бизнесмен бірнеше ай бойы үш ер адамның ірі көлемде ақша бопсалағанын айтқан. Полицейлер арнайы операция кезінде 40, 47 және 26 жастағы үш ер адамды ұстады. Екеуі 300 мың теңгені алып жатқан жерінде ұсталса, ең жас бопсалаушы Орал қаласында қолға түсті, деп хабарлады polisia.kz сайты.
Кәсіпкер ұсталғандардың бірімен өткен жылы қыркүйек айында танысқан. Сол уақыттан бері ер адамдар жәбірленушіден жүйелі түрде ақша бопсалаған. Полиция қаскүнемдер күш көрсеткенін атап өтті.
Жас жігіт бопсалаушылардан құтылу үшін есепшотында жатқан барлық ақшасын, шамамен 1 миллион теңге берген. Одан кейін тағы екі рет кредит алып, ірі соманы бопсалаушылардың қолына ұстатқан. Жалпы, зардап шеккен бизнесмен шамамен 3 миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Бұл бапта 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.