НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Ақтауда әйел жүргізуші беріліс қорабын ауыстыру кезінде шатасып кетіп, жаяужолмен келе жатқан баланы қағып кетті. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, видео 10 ақпанда "Дукат" тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау жүйесіне жазылған.
"Chevrolet Aveo көлігінің жүргізушісі беріліс қорабын ауыстыру комбинациясын шатастырып, жаяужолмен келе жатқан әйел мен оның баласын қағып кетті. Автокөлік алға жүрудің орнына артқа қарай жүрген", - дейді полицейлер.
Ана мен баланы дереу облыстық ауруханаға жеткізген. Ұлдың жағдайы тұрақты, есін біледі, өзі жүреді. Қазіргі кезде тергеу басталды, деп хабарлады Lada.kz басылымы.