ТАЛДЫҚОРҒАН, 10 ақпан – Sputnik. Алматы облысында жол апаты болған жерден қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде 7 ақпан күні сағат 22:40 шамасында Алматы облысындағы Жәпек батыр – Комсомол тасжолында белгісіз көлік үш жасты (2003, 2004, 2005 жылы туған) қағып кеткені туралы ақпарат жарияланған болатын. Зардап шеккендердің бірі оқиға орнында көз жұмды.
Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткені белгілі болды, ал жол апатынан аман қалған екі адам Іле ауданы ауруханасына жатқызылған. Тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні анықтады - ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлердің айтуынша, жол апаты Daewoo Nexia көлігімен жасалған.
"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша жүргізілуде", - деді Іле аудандық полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы Бауыржан Қабдулданов.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің біреуі ғана ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Екіншісі үйде емделуге жіберілді.
"Науқас травматология бөлімінде жатыр. Жарақаты ауыр. Жігіт 2-3 дәрежелі зақымданудан есеңгіреген", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.