НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Павлодар қаласында түнгі жұмыстан шыққан күзетші жол апатына түсті. Ол өз көлігімен басқаларды соқпаса да, автобус пен тағы бір жеңіл көліктің зақымдануына себепкер болды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Ресми мәліметке сәйкес, 8 ақпанда таңғы сағат 06.00 шамасында қалалық күзет агенттігінің қызметкері "Гранта" көлігімен Қамзин көшесінде жарық бағанасына соғылған.
Сол кезде электр сымдар салбырап кеткен. Біршама уақыттан кейін өтіп бара жатқан автобус сымдарды іліп әкеткен. Соның салдарынан бағдаршам қиылыста тұрған "Ниссан" маркалы автокөліктің үстіне түсіп, терезесін сындырған.
"Күзет агенттігінің жүргізушісі кезекшіліктен шыққандықтан, рөлде ұйықтап қалғанын айтты. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізуші мас болмаған. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, сараптама тағайындалды", - дейді полицейлер.
Жол апаты салдарынан күзетшінің көлігінде отырған жолаушы медициналық көмекке жүгінді. Басқа адамдар зардап шеккен жоқ.