АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. Қазгидромет 10-13 ақпанда ауа райы қандай болатынын болжады. Синоптиктер дерегіне сәйкес, шығыс аймақтарда аяз сақталады, бірақ жауын-шашын болмайды.
Солтүстік-батыстан ауқымды циклон келе жатыр, соның әсерінен жаңбыр мен қар жауады. 12 ақпанда оңтүстік облыстарда қатты жауын-шашын, сондай-ақ жел мен көктайғақ болады. Аяздан кейін солтүстікте сынап бағанасы күндіз тек 2-10 градус аязды көрсетеді.
10-11 ақпанда Жамбыл облысының солтүстік-шығысында және таулы аудандарында тұман түседі, 10 ақпан түнде көктайғақ болады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстік-шығысында және таулы аудандарында желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. 10-11 ақпанда Тараз қаласында тұман болады.
Ірі қалалардағы ауа райы
Елордада 10-11 ақпанда күн бұлтты, түнде ауа температурасы -16…-18°C, күндіз -11…-8°C болады. 12 ақпанда қар жауады, түнде -10°C, күндіз -4°C болады.
Алматыда 10 ақпанда күн бұлтты болады, ауа температурасы түнде -3°C, күндіз 0°C көрсетеді. 11 ақпанда түнде -4°C, күндіз +2°C болады. 12 ақпанда қар аралас жаңбыр жауады. Түнде 0°C, күндіз +3°C көрсетеді.
Шымкентте 10 ақпанда күн ашық, түнде -7°C, күндіз +6°C көрсетеді. 11 ақпанда күн бұлтты, түнде -4°C, күндіз +11°C болады. 12 ақпанда түнде -2°C, күндіз +6°C көрсетеді, қар аралас жаңбыр жауады.