Экономика

Қазақстан экономикасы былтыр 4%-ке өсті - Тоқаев

Қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматымыз зардап шекті, деді президент
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Былтыр елдің жалпы ішкі өнімі 4%-ке өсті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өткен жылы ел экономикасы төрт процентке артты. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 2,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты", - деді Тоқаев.
Айтуынша, инфляция межелі деңгейінен асып кеткен. Бұл көрсеткіш 8,4 процент болды.
"Өкінішке қарай қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді", - деді президент.
Ол үкіметтің алдында еліміздің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндеті тұрғанын атап өтті.
"Жоспарланған реформаларды жүзеге асыру және инфляцияны төмендету басты міндеттердің бірі. Біз азаматтардың табысын арттыруымыз қажет", - деді президент.
Елордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында Қазақстанның былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп беріледі және үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылады.
Экономика
Үкімет бизнеске келтірілген залалды өтеу механизмін бекітті