Өңірлер

Павлодарда баланы салқын бөлмеде қалдырған күтуші жұмыстан шығарылды

Екі жасқа толмаған баланы балабақша қызметкерлері салқын бөлмеде қалдырып, өздері түскі асқа кеткен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Павлодар облысында бүлдіршінді салқын бөлмеде киімсіз қалдырған күтуші жұмыстан шығарылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне "Заман Альян" ЖШС директоры Қанат Қаймолдин.
Оқи болған "Зерек бала" жекеменшік балабақшасы аталмыш кәсіпорынның қарамағында.
"Күтушіні жұмыстан шығардық. Ал тәрбиеші жүкті болғандықтан оны жұмыстан шығару мүмкін болмады. Оған қатаң ескерту берілді. Ол бүгін таңертең жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазды", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда әйел жеке балабақшаның тәрбиешісі мен күтушісінің әрекетіне шағымданды.
Әйелдің екі жасқа толмаған баласын балабақша қызметкерлері салқын бөлмеде 42 минутқа қалдырған, сол уақытта өздері түскі асқа кеткен.
Баланың үстінде киімі де болмаған.
"Балабақша құрылтайшысы мен меңгерушісі тәрбиеші мен күтушінің әрекетін түсіндіре алмады", - деп шағымданды баланың анасы.