НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Қазақстан әлемде қалалардың ластану деңгейі бойынша нашар елдер рейтингінде 115 елдің арасынан 33-орын алды.
Ластану индексі 73,4-ті құрады. Индекс неғұрлым жоғары болса, елдегі жағдай соғұрлым нашар, деп хабарлайды Energyprom.kz.
Ең лас елдердің көшін Камерун, Моңғолия мен Мьянма бастап тұр. Рейтингті небәрі 12,1 индексімен Финляндия тұйықтады. Айта кетері, бұл әлемдегі үздік көрсеткіш саналады.
Рейтингке қатысатын ТМД елдері арасында Әзербайжанның экологиялық жағдайы Қазақстанға қарағанда нашарлау. Ал Молдова, Украина, Ресей, Армения және Беларусьте ластану деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда төмен.
Қоршаған ортаға бағытталған инвестиция
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаны қорғауға бағытталған негізгі инвестиция небәрі 4,3%-ке, 163,9 миллиард теңгеге дейін өскен.
2020 жылы инвестиция 157,1 миллиард теңге болған еді, бір жылда 33,8%-ке артты.
Өңірлер арасында инвестиция көлемі бойынша Жамбыл облысы алда келеді – 52,8 миллиард теңге. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 есе көп.
Үздік үштікке елорда (26 млрд теңге, өсім 7 есе) мен Ақтөбе облысы (19,8 млрд теңге, өсім 2 есе) кірді. ТОП-5 қатарына Атырау мен Шығыс Қазақстан облыстары қосылды.
Инвестиция көлемі ең аз өңір – Алматы облысы, 579,6 миллион теңге. Солтүстік Қазақстан облысында былтыр қоршаған ортаны қорғау секторында инвестиция байқалмады.