НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Қаңтардағы бүлік кезінде ұсталғандардың арасында 35 тыйым салынған экстремистік ағымның мүшесі анықталды, деп хабарлады Бас прокуратура.
"Ерекше атап өтетін жайт, ол саяси экстремизмнің айқын белгілерінің анықталуы. Бейбіт акцияға қатысушылардың талаптары мемлекет тарапынан орындалса да, арандатушылар әдейі жанжал шығарып, оны ушықтырып, саяси талаптар қоя бастаған. Олардың түпкі мақсаты билікті қарумен күштеп басып алу болған. Тіпті қоғам және азаматтық белсенділер деп саналатындар да, наразылықтардың бастапқы кезеңін пайдаланып, тізгінді өздері алуға тырысқан", - деді Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.
Оның айтуынша, тыйым салынған "ҚДТ/Көше" атты экстремистік ұйымының мүшелері халықты жаппай тәртіпсіздіктерге белсене итермелеген.