НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Биыл мұғалімдерді жұмысқа алу конкурсы электронды форматқа ауыстырылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
"Былтыр педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары әзірленіп, қабылданды. Қысқаша айтқанда, бұдан былай директорлардың өз қалауы бойынша мұғалімдерді өзі жұмысқа қабылдауға мүмкіндігі болмайды. Енді нақты критерийлер белгіленіп, мұғалімдер жұмысқа қызметінің нәтижесі мен жетістіктері негізінде конкурс арқылы орналасады. Биыл бұл рәсім цифрлық форматқа көшіріледі", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы орайда министр есеп беруді азайту және мұғалімдерді артық жұмысқа тарту мәселесі қатаң қадағаланатынын ескертті.
2021 жылы жаңа заңның нормаларын бұзғаны үшін (артық есептерді талап ету, қызметтік міндетіне жатпайтын жұмысқа тарту және т.б.) білім беру ұйымдарының жүздеген басшысын және өзге де лауазымды тұлғаларды жазалауға тура келді. Бұл жұмыс жалғасатын болады", - деп атап өтті Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде мұғалімдер наразылық акциясына шықты