Өңірлер

Жазалағысы келген: аялдама маңында қарияны таяқпен ұрған ер адам ұсталды

Тексеру барысында Алматы облысының 47 жастағы тұрғыны қолға түсті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Аялдама маңында қарт адамды таяқпен ұрып кеткен жүргізуші ұсталды. Әлеуметтік желіде тараған видео Алматы қаласында емес, Алматы облысында түсірілген болып шықты.
Алматы қаласы полиция департаментінің ақпаратынша, бұл факті Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.
Тексеру барысында қарияны ұрып-соққан ер адам анықталып, ұсталды. Ол Алматы облысының 47 жастағы тұрғыны. Ұсталған азаматтың айтуынша, ол көлігіне зақым келтірген атаны жазалағысы келген.
Сондай-ақ полиция желіде таралған видео Алматы облысында түсірілгенін анықтады.
Қылмыстық іс материалдары қосымша тергеу және шешім қабылдау үшін Алматы облысы ПД Қарасай аудандық полиция басқармасына жіберіледі.
Бұған дейін Алматы полициясы аялдама маңында қарт адамды таяқпен ұрып кеткен жүргізушіні іздестіріп жатқаны хабарланған еді.