НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ербол Арыстанғалиев туысының кесірінен қызметінен босатылғалы жатыр, деп жазды "Мой город" порталы. Мұндай шешімді Әдеп кеңесі қабылдады.
Басылымның мәліметінше, өткен жылдың тамыз айында қалаға қарасты Зачаганск елді мекеніндегі мейрамханалардың бірінде Арыстанғалиевтың балдызы (әйелінің інісі) той жасаған.
Мониторинг тобы карантин кезінде өткізуге тыйым салынған іс-шара туралы естіп, үйлену тойына келген. Топ құрамында Зачаганск әкімі Аққали Әубәкіров пен әкімдіктің маманы Жігер Батыров болды.
Сол жерде олар күйеу жігіттің облыс орталығындағы шенеуніктің туысы екенін анықтайды. Мониторинг тобының мүшелері "түсіністікпен қарап", іс қозғамаған.
Бірақ кейінірек осы "мейірімділігі" үшін өздері жауап беруге мәжбүр болды.
Тіпті шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғағалды, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты оны жауып, материалдар мемлекеттік қызмет істері департаментіне берілді.
Әдеп кеңесінде Батыров пен Әубәкіровтың қызметтік талаптарға толық сәйкес келмейтіні туралы қалалық әкімдікке ұсыныс жолдау туралы шешім қабылданды.
4 ақпандағы отырыста Ербол Арыстанғалиев өз кінәсін мойындады.
"Мен тойға қарсы болдым", - деп ақталды Арыстанғалиев этика кеңесінде.
Кеңес мүшелерінің пікірі қақ жарылды. Кейбірі шенеуніктердің жарты жылдан астам уақыт бұрын жасаған әрекеті үшін жазалаудың қажеті жоқ десе, басқалары мұнымен келіспеді.
"Бәрі өзінен (Ербол Арыстанғалиев) басталды. Ол жан-жаққа телефон соққан, оның кесірінен әріптестері жазаланып отыр. Сондықтан жаза қатаң болуы керек, менің ұсынысым - қызметінен босату", - деді кеңес мүшесі және облыстық ревизиялық комиссияның төрағасы Әлібек Қадырбеков.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов Ербол Арыстанғалиев маман ретінде жақсы жағынан көрініп жүргенін хабарлады.
Соған қарамастан, дауыс беру кезінде Орал қаласының әкіміне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ербол Арыстанғалиевті қызметінен босатуды ұсыну туралы шешім қабылданды.