НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Елорда полициясы мас күйінде көлік айдап кеткен ер адамды ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Патрульдік полиция қызметкерлері құжатын тексеру үшін "ВАЗ-2115" маркалы көлікті тоқтатуға тырысқан. Тәртіп сақшыларының жол жиегіне тоқтау туралы талабын орындамаған көлік жүргізушісі жылдамдықты арттырған.
Полиция Қабанбай батыр даңғылы бойында оны соңынан қуған, алайда қаладан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан Қосшы қаласының маңында ғана көлікті тоқтата алды.
Жүргізуші көліктің есігін жауып, сыртқа шыққысы келмеген.
Кейін ер адамның Абылай хан даңғылында есігі ашық көлікті көріп, мініп, айдап кеткені анықталды.
Көлікті айдап кеткен кезде ол мас болған.
Сондай-ақ ер адамның бұған дейін де көлік айдап кеткені белгілі болды, ол мұндай әрекетке 2015 жылы барған.
Қазір мас күйінде көлік жүргізгені үшін ер адам 20 тәулікке қамауға алынды.