НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Президенттің тапсырмасымен ашылған "Қазақстан халқына" қорының ресми сайты іске қосылды.
"Көмекке мұқтаж қазақстандықтар, сондай-ақ жан-жақты көмек көрсетуге ниет білдірген демеушілер өз өтінішін "Қазақстан халқына" қорының цифрлық платформасы арқылы бере алады", - делінген қордың ресми хабарламасында.
www.qazaqstanhalqyna.kz сайтында кез келген адам қаражаттың көлемі мен жұмсалуы бойынша қаржылық есептермен, жүзеге асырылған жобалардың нәтижесімен таныса алады. Ал көмекті алу үшін алдымен "Өтінішті қалай бере аламын" бөліміне өту керек. Одан кейін пайдаланушылар қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасы - www.atamekenim.kz сайтына кіреді. Өтінішті дәл сол санаттармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым қарайды.
"www.atamekenim.kz сайты қайырымдылық ұйымдарының халықпен жұмыс істейтін алаңы болып саналады. Сайт eGov.kz электронды үкімет порталының кейбір мәліметтер базасымен біріктірілген. Алдағы уақытта өтініш берушілердің мәртебесі туралы толық ақпарат алу үшін порталды мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлық қолжетімді деректер базасымен интеграциялау жұмыстары жүргізіледі", - делінген ресми хабарламада.
Бүгінгі таңда сайтта денсаулық сақтау, білім және ғылым, тұрғын үй, негізгі қажеттіліктер және тағы басқа салаларда жұмыс істейтін 86 қайырымдылық ұйым тіркелген. Алдағы уақытта олардың саны артады деген жоспар бар.
Қордың қамқоршылық кеңесі белгілеген әрбір қызметі бойынша демеушілік көмекке жүгінген тұлғалармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың егжей-тегжейлі ережелерін әзірлеуі қажет.
"Өтінім қордың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмеген жағдайда қабылданбауы мүмкін", - дейді мамандар.
Өтінішті қарау үшін қор қызметінің әрбір бағыты бойынша сараптамалық комиссиялар құрылады.
Сараптамалық комиссия мүшелеріне арналған ұсынысты сайттың "Сарапшылар" бөліміне өтіп жіберуге болады.
Айта кетері, мемлекет басшысының бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қоры қиын өмірлік жағдайға тап болған және қолдауды қажет ететін халыққа денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау саласында тегін көмек көрсетеді.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қорына тағы 1,2 миллиард теңге түсті