НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің туын сақ патшайымы Томирис пен қазақ батырының бейнесіндегі спортшылар алып шықты.
Ұлттық олимпиада комитеті спортшылардың суретін жариялады.
Қазақстан туын тарихи образда алып шығу конькимен жүгіруші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиевке бұйырды.
Ту ұстаушылардың киіміндегі ұлттық ою – "қошқар мүйіз" қолмен тігілген. Оюдың элементтерін жасауға дизайнерлермен қатар Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы қатысты. Отандық спортшылар формасының дизайнері - Салтанат Баймұхамедова.
Forbes басылымы, қазақстандық спортшылардың киіміне "үздік үлгідегі сәнді дипломатия" деген баға берді.
Қазақстаннан олимпиадаға 34 спортшы қатысады. Делегация Камбоджа құрамасынан кейін 81-құрама болып шығады. Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Оқи отырыңыз: Бейжің Олимпиадасы: ел намысын кімдер қорғайды – видео