Қазақ ру-тайпаларының шаруашылық-географиялық ерекшеліктеріне, саяси дамуына байланысты қалыптасқан әкімшілік құрылым жүз деп аталады. Қазақ шежіресі бойынша қазақ халқы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден құралған. Олардың әрқайсының тарихи фактіге негізделген мекен еткен аймағы, әр рудың шығу тарихы бар.
Sputnik Қазақстан бұған дейін Ұлы жүз бен Орта жүз рулары туралы деректер ұсынды. Бұл материалда Кіші жүз құрамына кіретін рулар туралы, олардың шығуына қатысты аңыздар жазылған.
Кіші жүз рулары
Кіші жүз – Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Шежіре бойынша Кіші жүздің рулық бірлестіктері Әлімұлы, Байұлы, Жетіру тайпаларынан тарайды. Мақсұт Дәуітбаев жинақтаған "Қазақ шежіресі" еңбегінде Ноғай ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, яғни Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасқаны айтылады. Соған байланысты Кіші жүз қазақтары ел арасында "Кіші жүз – Алшын" атанған.
Оның құрамына:
12 ата Байұлы – адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, масқар, таз, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш;
Жетіру – тама, табын, телеу, жағалбайлы, рамадан, кердері;
6 ата Әлімұлына – шекті, қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей кіреді.
Әлімұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүздің құрамына енеді. Қаракесек деп те алады. Әлімұлының алты тармағы болғанына қарай ел ішінде "Алты әлім" деп те атайды.
Ақын Ерімбет Көлдейбекұлы шежіресінде Әлімұлына Жаманақ (шекті), Қарамашақ (төртқара), Айнық (қарасақал), Ұланақ (қаракесек), Тегінболат (қарасақал), Тойқожаны (ақ кете) жатқызады. Әлімұлының тармағы алтау болғанымен, енші алып, ұранға шыққаны – төртеу. Олар: Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнақ.
Әлімұлы тайпасынан Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке биден бастап қалың қазаққа белгілі Есет, Көтібар, Құлбарақ, Жанғожа, Ақтан, Алтай, Арал би-батырлар шыққан.
Әр рудың өз таңбасы болғаны белгілі. Ол таңба сол рудың малын бірден тануға мүмкіндік берген. "Бабалар сөзінің" 83-томында Әлім ата балаларының ру таңбасын алуы туралы деректер келтірілген:
"Әңгіме-хикаят бойынша Әлім балаларының алдына аттарды әкеліп: "Ал өз таңбаларыңды басыңдар!" дейді. Сонда үлкен баласы Жаманақ аттың сауырына айқасқан қос шек (Х) салыпты. Содан "шекті" атаныпты дейді. Бұл таңбаны баласының аттың сауырына салғанын көріп, Әлім ақсақал: "Балам, сауырлы ел боларсың" деген.
Кезек Ұланақ – Сасықбайға келеді. Ұланақ бір шетін жамбасқа, төменгі жағын шідерлікке келтіріп шақпақ таңба салады. Сонда Әлім ақсақал: "Балам, сен де жамбастан қалмайтын болдың ғой!" депті.
Кезек Қарамашаққа келеді. Қарамашақ келеді де, таңбасын сызық етіп аттың қабырғасынан сүбесіне (көсеу таңба) дейін тартып жібереді. Сонда Әлім ақсақал: "Балам, қабырғалы ел болатын болдың", депті.
Айнықтың таңбасы жоқ, ол ерте өмірден өтеді. Ал Тегінболат – Қарасақалдың, Тойқожаның таңбалары кездеспеді, делінген.
Байұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Байұлы этнонимі Түркі қағанының кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Байұлы туралы деректер 18 ғасырдың бірінші жартысынан бастап орыс әкімшілігінің құжаттарынада жиі ұшырасқан.
Клара Сәрсенованың "Байұлы бірлестігінің этностық тарихы" еңбегінде "бай" сөзі арқылы жасалған этноним, топоним және антропонимдер қатары қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт, якут, ұйғыр, т.б. түркі халықтарында кездесетіні айтылған.
Байұлы терминінің шығу тарихына қатысты башқұрт халқы құрамындағы Баюлы (байлар) руының шығу тегіне қатысты қазақ зерттеушісі Серікбол Қондыбай келтіретін аңызда былай делінген: Күшлек деген жігіт өзінің сұңқарын бір үйір су жылқысына айырбастайды, сөйтіп су астынан бір үйір жылқы шығады, оларды "Қаражорға" деген тұлпар бастап шығады. Осы тұлпар иесіне қыз әкеліп береді, ол қыздан туған жігіттің балалары "байұл" руы деген атпен тарапты.
Қазақтың байұлы руына қатысты мұндай аңыз жоқ. Бірақ суын айғырлар туралы аңыздардың бүгінгі қазақ ішінде ең алдымен осы Байұлы қазақтары арасында таралуына, сақталуына қарай осындай сипаттағы шежірелік аңыздардың бір кездері қазақтың Байұылысына да қатысты болуы мүмкін.
Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Тарихшылардың жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары бірлестігімен байланыстырады.
Жетіру бірлестігінің шығу және қалыптасу тарихын Кузеев былай баяндайды: Жетіру тарихи және этникалық тұрғыдан Дешті Қыпшақ тайпаларымен тығыз байланысты. Қыпшақтардың өзі бұл топты ұзақ уақыт бойы башқұрттарға емес, қазақарға жатқызады... Оңтүстік Башкирияда ноғай билігі дәуірінде немесе одан да ертеректе жеті башқұрт тайпасының одағы ете-ырыу болғаны туралы аңыз кеңінен тараған. Әртүрлі мәлімет берушілер Жетіру бірлестігіне әртүрлі тайпаларды қосады.
Тарихи фольклордың мәліметіне қарағанда бәрінен бұрын бурзян, усерган, тамьян және тангаур тайпаларын біріктірген тайпалық одақ оңтүстік шығыс және оңтүстік Башкирияда 14-15 ғасырларда болған, алайда Жетіру деген атты ол кейін ғана алған. (...) Башқұрттардың жетіру руы этникалық тұрғыдан Кіші жүздегі қазақ руы жетіруға барып жалғасады, делінген "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында жарық көрген "Қазақстан тарихының" 11-томында.
"Бабалар сөзінің" 83-томында Жетіру туралы мынадай керек келтірілген: "Жанарыстан бір ұл туыпты Майқы би деген. Сол Майқыдан үш бала туыпты: Садырқожа, Надырқожа, Қыдырқожа. Надырқожа әйел алған бойда көп кешікпей өліп, бала қалмай, әйелі жас қалады. Әйелі тентек болған соң ешкім алмай, қайын ағасы Садырқожа да, қайнысы Қыдырқожа да жоламайды. Күндердің бір күнінде әйел буаз болып, бір ер бала туады. "Некесіз тудың" деп жиіркеніп, бір адам қасына жақындамаған. Сонда әйел ерегісіп, "осы шырағым бойға бітерде жеті еркектің етегі тиіп еді, мұның атын "Жетіру" қоямын деген екен".
Кіші жүздің биі
Әйтеке би – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі. Қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Әз Тәуке хан құрған Билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, "Жеті жарғы" деп аталатын заңдар кодексін шығарушыларлың бірі.
Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының төртқара руы. Ол 1644 жылы қазіргі Өзбекстан жеріндегі Нұрата тауының Бұхара жеріне қарай созылып жатқан Қызбибі тауының етегінде өмірге келген.
Оның арғы атасы әулие Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған.
Ұлықбек медресесінде оқып, тәлім алған Әйтеке әуелі атасы Ақша ханның, анасы қайтыс болған соң ағасы Жалаңтөстің тәрбиесінде болып, ел басқару ісінің қыр-сырымен танысқан.
Әйтеке би 25 жасынан бастап Кіші жүздің бас биі ретінде алғашында Ордабасыда, содан кейін Күлтөбе мен Ұлытауда жыл сайын өткізілетін үш жүздің басшысы мен беделді адамдары бас қосқан жиындарға тұрақты қатысып тұрады. Тәуке ханнан бастап дәстүр тапқан бұл жиындарда ұлт бірлігін нығайту мәселелері талқыланып, жүздер мен рулардың арасындағы өзара келіспеушіліктен туындайтын даулар шешілген. Қызу айтыс-тартыс ушығып кетер тұста тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні іспетті жұрт тоқтасар бәтуаны Әйтеке би айтады екен.
Әйтеке би 1700 жылы Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленген.