НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан — Sputnik. F-35 тобына жататын жойғыш ұшақ ХХІ ғасырдағы ең сәтсіз америкалық жоба атанды. Себебі әскери техникадан дыбыстан шапшаң жылдамдықпен қозғалу кезінде түрлі ақаулар анықталып жатыр. Бұл туралы ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко жазды.
Қаңтардың соңында америкалық F-35 Lightning II жойғыш ұшағы Оңтүстік-Қытай теңізінде АҚШ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі USS Carl Vinson авиатасымалдаушысына қону кезінде апатқа ұшырады. Ұшқыш катапульталанғанмен, құны 80 миллион доллар тұратын ұшақ теңіз түбіне кетті. Әзірше іздеу жұмыстары еш нәтиже берген жоқ. Ал кеме экипажының жеті мүшесі жарақат алып, олар Филиппиндегі емханаға жеткізілді.
Әскери шолушы бұл оқиғаның салдары ауқымды болғанын айтты. Өйткені F-35C жойғыш ұшағы авиатасымалдағыштың қондырмасына соғылғаннан кейін навигация және байланыс жүйелері зақымдалғаны анықталды. Соның салдарынан кеме Оңтүстік-қытай теңізіндегі белгіленген міндеттерді орындай алмай, экипажы және арсеналымен қоса теңізде қалып қойды.
Корпусының ұзындығы 331 метр, ұшуға арналған палубасының ені 77 метр болатын бұл кеменің экипажында 6 мың теңізші және 3 мың тоннадан астам оқ-дәрі бар.
Атомды авиатасымалдаушы ұшақ USS Carl Vinson бастаған авиатасымалдаушы-соққы жасаушы тобы 2021 жылдың екінші жартысында алғаш рет оқу-жаттығу барысында F-35C палубалық жойғыш ұшақтарымен, EA-18G Growlers радиоэлектронды күрес ұшақтарымен және E-2D Advanced Hawkeyes қашықтықтан радиолокациялық анықтау және басқаруға арналған модернизацияланған ұшақтарымен интеграцияланды.
"АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы "көзге түспейтін" ұшақтарды радиоэлектронды күрес және қашықтықтан радиолокациялық анықтау және басқару ұшақтарымен бірге қолдану соққы жасаушы топтың жойқын күшін үдетеді деп күтті. Бірақ барлығы жоспардағыдай болмады", - дейді шолушы Александр Хроленко.
Оның айтуынша, атомды авиатасымалдаушының әлі де олқылығы көп. "Көзге түспейтін" ұшақтар тым жиі құлап, ұшуларды сәтсіз орындап жатыр.
2022 жылдың 4 қаңтарында Оңтүстік Корея Әскери-әуе күштеріне тиесілі F-35A жойғыш ұшағы шассидің істен шығуына байланысты "кеудесімен" қонуға мәжбүр болды. 17 қарашада Ұлыбритания Әскери-теңіз күштері қатарындағы F-35B жойғыш ұшағы Жерорта теңізіне құлады. Желтоқсанда Хоккайдода Жапония Өзін-өзі қорғау күштерінің басқаруындағы F-35A ұшағы ұшу жолағына шұғыл қонды. Біраз бұрын жапониялық F-35A Шығыс-Қытай теңізінің үстінде ұшу кезінде радардан жоғалып кетті.
Бұл топтағы ұшақтардың тым жиі сәтсіздікке ұшырауы немесе анықталған ақаулары Пентагон наразылығын күшейтіп отыр – ұшақ жаппай өндіріске дайын емес және әлем нарығындағы F-35 ұшақтарын әлеуетті сатып алушылардың сұранысын төмендетіп отыр. Мысалы Грекия әскери ұшақтың 80 миллион доллардан асатын бағасымен келіспей отыр. Біріккен Араб Әмірліктері F-35 ұшақтарын сатып алуды уақытша тоқтатып қойды да, желтоқсанда француздардан 80 дана Rafale ұшағын сатып алуға келісімшарт жасады.
"Америкалықтар әскери кеменің құпия технологиясы, соның ішінде стелс-жабын жария болмасын деген қауіппен оны теңіз түбінен алып шығуға асығып жатыр. Алайда, АҚШ мүлде басқа мәселеге алаңдауы керек", - дейді әскери сарапшы.
Оның пікірінше, келесі жолы әскери ұшақ кеме палубасына В61-12 термоядролы авиабомбасын құлатып алуы ықтимал.
Ал суға кеткен F-35 стелс-жабыны теңіз суымен байланысқа түскеннен кейін бүкіл қабілетінен айырылады. Себебі біраз бұрын "Карл Винсон" палубасында теңіздегі ылғал ауаның салдарынан "көзге түспейтін" ұшақтарды бірнеше ай ішінде тат басты. Ал планердегі тат басу оның көзге түспеу қабілетінен айырылғанын білдіреді. Себебі стелс-жабынға зиян келіп отыр. Сонымен қатар ұшақ конструкциясының ішкі тораптарын да зақымдайды.
Military Watch басылымы былай деп жазды: "F-35C модификациясындағы жойғыш ұшақтар 2019 жылы қаруландыруға енгізілді. Алайда ұзақ жылға созылған түзетулерден кейін де әскери ұшақта 800-ден астам техникалық ақау бар, мүмкіндіктері шектеулі. Олар орташа және жоғары қарқынды соғыс кезінде тиімді болмайды.
Алайда наурызда Норвегия акваториясында америкалық USS Harry S. Truman және британдық HMS Prince of Wales авиатасымалдаушы-соққы жасаушы топтары және сүйемелдеу кемелерінің қатысуымен Cold Response 2022 НАТО оқу-жаттығуы өтеді деп жоспарланып отыр.
Александр Хроленконың айтуынша, көктемгі маневр кезінде F-35C ұшақтары палубадан жоғары көтеріле алмай, бұл техниканың жарамсыздығын кезекті рет дәлелдеуі ықтимал.
"Тым қымбат модернизациясына және әлемдік жойғыш ұшақтар авиациясында F-35 Lightning II ұшақтары басымдыққа ие болады деген батыс пікіріне қарамастан, бұл техниканың мүмкіндіктері тым асыра бағаланып отыр. Өйткені америкалық сарапшылардың F-35 әскери ұшағын "ең нашар бес ұшақтың" тізіміне енгізуі тектен-тек емес. Желтоқсанда Конгресс АҚШ Әскери-әуе күштері F-35 паркінің бюджетін заңды түрді шектеді", - деп түйіндеді автор.
Әскери шолушы Александр Хроленокның Telegram арнасы.