НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"АЭС құрылысы – бұл өте нәзік мәселе. Сондықтан оны саламыз ба, жоқ па, әзірше ешқандай шешім жоқ. 2035 жылға дейінгі болжамды баланс аясында сан алуан мәселелер қарастырылып жатыр", - деді Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр "жасыл" экономиканы дамыту аясында көмір пайдалануды қысқартуға тура келетінін жеткізді. Себебі ол экологиялық зиянды отынға жатады. Оған қарағанда газ таза, бірақ оның қоры шектеулі.
"Сол себепті біз әртүрлі жолдарды қарастырып жатырмыз. Соның бірі – АЭС. Осы опция да қаралып отыр. Бірақ бұл мәселені жан-жақты әрі мұқият зерделеу керек. Әрине, алдымен қоғамның пікірін білген жөн. Әзірше ол станцияның қай жерде салынатыны туралы нақты шешім жоқ", - деп атап өтті Ақшолақов.
Айта кетері, бүгінде АЭС салу үшін екі алаң қарастырылып жатыр. Бұған дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясын Алматы облысында салудың тиімді тұсын атаған болатын.
Бұдан бөлек, атом электр станциясы Шығыс Қазақстан облысында салынуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігі екі алаңда жер сілкінісінің қаупін зерделеп шықты.
Бұған дейін экс-министр Мағзұм Мырзағалиев "жарықсыз отырғанша АЭС салған" дұрыс деп мәлімдеген болатын.
"Бұл саяси мәселе ғой. Мен энергетика министрі ретінде ғана пікір айта аламын. Біз баланс бойынша станцияны салу қажеттігін анық көріп отырмыз. Екі жол болады. Жарықсыз қараңғыда отырамыз ба, жоқ, әлде қажетті шешімді қабылдаймыз ба, екеуінің біреуін таңдау қажет болады. Осы тұрғыда қарастыруымыз қажет", - деп түсіндірді Мырзағалиев.