НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан — Sputnik. Кейбір адамдар интерферондардың жоғары деңгейінің, сондай-ақ шырышты қабық пен тыныс алу органдарының ерекше қорғалуының арқасында коронавируспен ауырып жатқан туыстарымен бірге тұрса да вирус жұқтырмауы мүмкін. Бұл туралы Ura.ru сайтына ресейлік терапевт дәрігер Андрей Звонков мәлімдеді.
"Арнайы емес қорғаныстың бірнеше факторы бар: бұл қандағы интерферондар, сондай-ақ мұрынның шырышты қабығында орналасқан жасушалар түзетін түрлі заттар", - деп түсіндірді ол.
Алайда Звонков маска тағу және әлеуметтік қашықтықты сақтау сынды қорғаныс шараларын елемеуге болмайтынын ескертті. Терапевт қуатты вирусты жүктеме ағзаның қорғанысын "бұзуы" мүмкін екенін айтты.
"Омикрон" симптомдары
Көп жағдайда коронавирустың жаңа штамын жұқтырған науқастарда жөтел, мұрын бітелуі, тамақтың ауыруы, жүрек айну белгілері байқалады.
Бұл симптомдар респираторлы вирусты инфекцияларға қатты ұқсас келеді және науқастар қатты әлсіздік сезіміне жиі шағымданады. Жалпы адам ұзақ уақыт бойы коронавируспен ауырған жағдайда да әлсіздік сезінуі мүмкін.
Дәрігерлер коронавируспен ауырып тұрғаннан кейінгі симптомдар ретінде ойдың шашыраңқылығын, әлсіздік, жұмыс қабілетінің жоғалуын, бас айналуды атады.
Дәрігерлердің мәліметі бойынша "Омикрон" жұқтырғаннан соң постковидтік синдромға сипаттама беруге әлі ерте. Себебі жаңа штамм анықталғаннан бері тым аз уақыт өтті.
Айта кетері, "Омикрон" штамын қайтадан жұқтыру қаупі "Дельта" штамымен салыстырғанда 5,4 есе жоғары.