Бейжің Олимпиадасы

Бейжің Олимпиадасы: ел намысын кімдер қорғайды – видео

Осы жолы қысқы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын 34 спортшы қорғайды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Ертең, 4 ақпанда, Бейжің Олимпиадасы ресми түрде ашылады.
Алайда кейбір жарыстар басталып кеткен. Осы жолы қысқы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын 34 спортшы қорғайды. Олардың арасында жүлдеге іліге алатындар да бар.

"Керемет сервис"

28 қаңтарда Қазақстан құрамасы арнайы бортпен Қытай астанасына ұшып барды. Бұған дейін олар екі апталық карантинде отырып шықты. Бұл – негізгі талаптардың бірі. Бұдан бөлек, барлық спортшыда коронавирусқа қарсы вакцина болуы шарт.
Ал спортшы Әділ Ғалиахметов Олимпиада жатақханасын көрсетті. Ол шорт-тректе өнер көрсетеді.
"Бөлменің іші өте жылы, жарық. Төсек-орын да ыңғайлы, адамның қалай жатқысы келсе, соған қарай реттей алады. Сосын бізге шағын сыйлықтар берді. Ол – рюкзак, жуынатын заттар және қолғап. Ал мына жақта жуынатын бөлмеміз, өте кең және ыңғайлы. Өте керемет сервис, барлығы жақсы", - дейді Ғалиахметов.
Спортшылар Бейжіңге барған бойда дайындыққа кірісіп кетті.

"Жарыстар 1 700 метрлік биіктікте өтеді"

Шаңғышы Шыңғыс Рақпаров Олимпиада қалашығындағы асхананы көрсетті.
"Олимпиада қалашығындағы асханаға кішігірім шолу. Тамақтың түр-түрі бар екен. Қытайлық, еуропалық, халал және тағы басқа тағамдар мол. Фаст-фуд та береді. Жалғыз отырып, тамақ ішеміз", - дейді Рақпаров.
Асханада санитарлық шаралар қатаң сақталатынын анық байқауға болады. Барлық қызметкер арнайы қорғаныс костюмдерін киіп алған. Ал әрбір спортшы шыны қалқаны бар үстелде тамақ ішеді. Видео Чжанцзякоу қаласында түсірілді.
"Чжанцзякоу қаласындағы шаңғы трассасында жаттығып көрдік. Дәл сол жерде Олимпиада ойындары өтеді. Трасса оңай емес, жоғары қарай ауыр әрі ұзақ көтерілу керек, ауа температуасы кешке қарай -20-ға дейін түсетін сияқты. Арасында қатты жел бар, сосын жарыстар 1 700 метрлік биіктікте өтеді", - деп атап көрсетті Рақпаров.
Айтпақшы, Шыңғыс Олимпиаданың шаңғы қоссайысында өнер көрсететін алғашқы қазақстандық спортшы болмақ.

87 лицензиямыз бар

Ақ Олимпиадаға 34 спортшымыз аттанды. Оларда 87 лицензия бар. Ал Олимпиадада барлығы 109 комплект медаль сарапқа салынады.
Шаңғы жарыстарында елдің намысын жеті адам қорғайды. Ерлер сайысында Виталий Пухкало мен Евгений Величко, ал әйелдер командасында Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга бар.
Фристайл-могул: 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Олеся Граур, әлем чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Городко, әлем кубоктарының жүлдегері Дмитрий Рейхерд пен әлем чемпинатының қола жүлдегері Павел Колмаков Акробатика: Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмырзаева мен Шерзод Хаширбаев.
Шорт-трек: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.
Тау шаңғы сопрты: Захар Кучин (слаломе мен алып слаломе) мен Александра Троицкая (слалом). Трамплиннен секіру: Сергей Ткаченко мен Данил Васильев.
Шаңғы қоссайысы: Шыңғыс Рақпаров. Биатлон: Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев. Коньк спорты: Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников және Денис Кузин.

Тоқаев Олимпиданың ашылуына қатысады

Бейжің Олимпиадасы 4 ақпанда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:55-те ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деген жоспар бар.
Олимпиаданың ашылу рәсімінде Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова Қазақстанның Туын алып шығады.
Бүгін фристайлшыларымыз жарыс жолына шықты. Олар іріктеу кезеңінен өтсе, финалдық жарыстарға қатысады. XXIV қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың үш қаласы - Яньцин, Чжанцзякоу мен Бейжіңде өтеді.
Qazaqstan, Qazsport, Хабар және El arna Ақ Олимпиаданы тікелей эфир арқылы көрсетеді.