Бейжің Олимпиадасы

Бейжің Олимпиадасы: Қазақстан спортшылары жарыс жолына шығады

Олимпиада ойындарында фристайл командасы алғаш болып жарыс жолына шығады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. 3 ақпанда Қазақстан құрамасы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында жарыс жолына шығады. Фристайлшылар бірінші болып медаль үшін таласады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Іріктеу турнирінде бірден алты қазақстандық спортшы өнер көрсетеді. Әйелдер құрамасында 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева, әлем чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Городко, Аяулым Амренова және Олеся Граур, ал ерлер командасында әлем кубоктарының жүлдегері Дмитрий Рейхерд пен әлем чемпинатының қола жүлдегері Павел Колмаков бар.
Іріктеу жарыстары Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 16:00-де басталады. Qazaqstan арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Финалға өту үшін спортшылар үздік ондыққа кіруі керек. Екінші іріктеу кезеңінде тағы 10 орын сарапқа салынады. Ол жарыстар 5 ақпанда (ерлер) және 6 ақпанда (әйелдер) өтеді. Сол күні финалдық сайыстар да ұйымдастырылады. Оны Qazsport арнасы 16:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетері, Бейжің қаласындағы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын 34 спортшы қорғайды. Оларда 87 жолдама бар. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.
Жарыстар Яньцин, Чжанцзякоу және ел астанасы – Бейжің қаласында өтеді.
Qazaqstan, Qazsport, Хабар және El arna Олимпиада ойындарын тікелей эфир арқылы көрсетеді.