Өңірлер

4 ақпанда елдің басым бөлігінде тұман түсіп, жел күшейеді

Республика бойынша кей жерде тұман болып, жел күшейеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 3 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 4 ақпанда елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы болады.
Солтүстікте қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі, батыста жауын-шашын жауып, көктайғақ болады, деп хабарлады Қазгидромет.
Республика бойынша кей жерде тұман болып, жел күшейеді. Алматы облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында тұман түседі, Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Түркістан облысының оңтүстігінде, батысында, таулы, тау бөктерлі аудандарында тұман, күндіз таулы аудандарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін жетеді.
Маман болжам жасады: қазақстандықтарды ақпан айында не күтіп тұр
Жамбыл облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында, таулы аудандарында жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Атырау облысының батысында, Маңғыстау облысының солтүстік-батысында тұман түседі, облыстардың шығысында, оңтүстік-шығысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін артады.
Қостанай облысының солтүстігінде, түнде Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік-батысында жаяу бұрқасын болады, желдің жылдамдығы – 15-20 м/с. Аталған облыстардың оңтүстігінде, оңтүстік-батысында тұман түседі.
Ақтөбе облысының Мұғалжар стансасында желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Күндіз Қарағанды облысының батысында желдің жылдамдығы 18 м/с болады.
Ақмола облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында, Павлодар облысының солтүстігінде, түнде шығысында тұман түседі.