Өңірлер

Ауыл әкімі ағасына дауыс бергені үшін жауапқа тартылды

Этика жөніндегі кеңестің мүшелері әкім дауыс беруден бас тартуға тиіс болған деп санайды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің этика жөніндегі кеңесінде Торайғыров ауылдық округы әкімінің ісі қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тексеріс материалдарына сәйкес, өткен жылы 15 желтоқсанда аудандық жер комиссиясы 1 651 гектар жерді уақытша пайдалануға беру мәселесін қараған. Комиссияның құрамына Торайғыров ауылдық округының әкімі Мұхтар Молшин де енді.
Ал конкурсқа үш үміткер қатысты. Олардың ішінде "Молша" шаруа қожалығы болды. Оны әкімнің ағасы басқарады. Молшин соны біле тұра, өз дауысын сол шаруа қожалығына берген. Шаруа қожалығы он дауыстың алтауына ие болды.
Өңірлер
Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген әкім орынбасары жазаланды
Әкім берген дауыс комиссия шешіміне әсер еткен жоқ. Дегенмен, этика жөніндегі кеңестің мүшелері әкім өздігімен дауыс беруден бас тартуы керек деп санайды. Бірақ Молшин олай істемеді.
Ал конкурсқа қатысқан бір шаруа қожалығы шағым түсірді. Соның негізінде жер комиссиясының шешімі тоқтатылды.
Мұхтар Молшиннің өзі заңды білмедім деп ақталды. Сондай-ақ ағасының шаруа қожалығы жақсы жұмыс істеп, ауылдық округтің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысқаннан кейін дауыс бердім деді.
Дегенмен этика кеңесінің мүшелері әкімнің сөзін жасаған әрекетіне негіз бола алмайды деген шешім шығарып, Баянауыл ауданының басшылығына Мұхтар Молшинге ескерту жасауға кеңес берді.