НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Таразда қараусыз қалған ғимараттан бірнеше қару табылды, деп хабарлады Polisia.kz.
1 ақпанда Тараз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында қала аумағындағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінде атыс қарулары жасырылғанын анықтады.
"Калашников маркалы бір автомат, Streamer маркалы бір травматикалық тапанша, бір дана оқжатар мен бір жарық-шулы граната тәркіленді. Анықталған қару-жарақтарға қатысты сот-баллистикалық сараптама тағайындалды", – деп хабарлады Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Заурбеков.
Тараз қалалық полиция басқармасы қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салды.