Өңірлер

"Еңбек" бағдарламасы: солтүстікке қоныс аударғандар неге жерсіне алмай жатыр – видео

Бұған дейін қоныс аударушылардың баспана мәселесі талай рет көтерілген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. "Еңбек" бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге көшіп барған 600 адам оңтүстікке қайта оралды. Енді, көбі мемлекет тарапынан берілген ақшаны қайтарып беруі тиіс, деп хабарлады Astana TV .
Бағдарлама шарттарына сәйкес, солтүстікке көшкен адамдардың жол шығындары ғана емес, пәтерді жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдер де өтеледі. Бұдан бөлек, жаңа үйлер беріледі. Оны бес жылдан кейін жеке меншікке сатып алуға болады.
Алайда ол үйлер "қағаз баспана" болып шыққан. Мәселен, Көжековтар отбасы былтыр Шымкент қаласынан Тимирязев ауданына көшіп келді. Ерлі-зайыптылардың алты баласы бар. Айтуынша, оларға дұрыс жағдай жасалмады. Содан олар бәрін тастап, туған жеріне оралды.
"Төбеден су ағып тұратын. Артынан электр сымдар тұйықталып, өрт болды. Терезенің бәрін қырау басқан. Пешті жағамыз, бірақ үй жылымайды. Электр пешімен жылынып отырмыз. Үй сапасыз жасалған. Төбес көп ұзамай құлайды. Жұмыс тауып бермеді. 6 баламыз бар. Әкімдікке барып, шағым айтайын деп едім. Бірақ ішке кіргізбеді. Балалардың аштан өлгенін қаламаймын. Жылағым кеп отыр", - дейді Болат Көжеков.
Бұған дейін қоныс аударушылардың баспана мәселесі талай рет көтерілген. Былтыр Айыртау мен Есіл аудандарының әкімдерін де қызметтен босатқан. Ал президенттің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия баспананың сапасыз салынғанын растады.
Қоныс аударушылар өз ақшасына жөндеу жұмыстарын жасайды Ал кейбіреулері шыдай алмай, қайтадан оңтүстікке көшіп кетті. Енді, мемлекет тарапынан төленген барлық ақшаны қайтарып беруге міндетті.
Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Тасқұлованың айтуынша, 2017 жылдан бері, шамамен, 600 адам көшіп кеткен.
"Отбасы жағдайына және денсаулығына байланысты көшіп кеткендер бар. Климатқа бейімделе алмады. Баспананың сапасы тағы бар. Ал әлеуметтік келісімшартты бұзғандар мемлекет тарапынан берілген ақшаны өз еркімен немесе сот шешімімен қайтарып жатыр", - деп атап көрсетті Тасқұлова.
Жалпы, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған бес жылдың ішінде солтүстік өңірлерге 2700 отбасы немесе 9 мың адам көшіп барған. Олардың жартысы ғана еңбек етуге қабілетті жаста.
Бірақ барлығы бірдей жұмысқа тұра алмады. Осы уақытқа дейін "Енбек" бағдарламасына 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды.