Экономика

Премьер-министр жер қойнауын пайдалану саласын тексеруді тапсырды

1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда кен орындарының игерілмеуіне байланысты 31 келісімшарт бұзылып, 101 лицензияның күші жойылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан — Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов геологиялық барлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Үкімет басшысы жер қойнауын пайдалану саласында ауқымды тексеріс жұмыстарын жеделдетуді және пайдаланылмайтын кен орындарының нақты тізбесін айқындауды тапсырды, деп хабарлады премьердің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ел аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін шамамен 1 миллион 324 мың шаршы шақырым алаң қарастырылған.
Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 1 миллион 65 мың шаршы шақырым жер қойнауы қосылған, тағы 259 мың шаршы шақырымы қосылады.
"Геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту, пайдаланылмайтын кен орындарын игеру мақсатында жер қойнауын пайдалану үшін еліміздің барлық қолжетімді аумағын ашу жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда кен орындарының игерілмеуіне байланысты 31 келісімшарт бұзылып, 101 лицензияның күші жойылды.
Қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттағы міндеттемелерін орындауына қатысты талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр – анықталған заң бұзушылықтар реттелмесе, келісімшарт бұзылады және инвестиция тарту үшін аукционға шығарылады.