Жүз – қазақ халқының үш ру-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Қазақ шежіресі бойынша қазақ халқы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден құралған. Жүздердің шыққан уақыты мен шығу себебі туралы ғалым-зерттеушілер арасында пікір әртүрлі, тіпті көптеген аңыз да бар. Бұған дейін Sputnik Қазақстан ұлы жүздің рулары туралы қызық деректер ұсынды. Бұл материалда Орта жүз мекен еткен аймақ, шығу тарихы, Орта жүздің рулары, олардың ұраны туралы мәлімет берілген.
Үш жүз мекен еткен аймақ пен рулар
Тарихи тұрғыдан алғанда үш жүздің территориясы мен тайпалары мынадай:
Ұлы жүз – Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы Жетісу өңірі.
Ұлы жүздің рулары: албан, суан, дулат, жалайыр, қаңлы, сарыүйсін, шапырашты, ысты, сіргелі, ошақты, шанышқылы.
Орта жүз – Солтүстік, Шығыс, Орталық және Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігі.
Орта жүздің рулары: арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей және уақ. Әдетте халық аузында "Алты арыс ел" деп аталады.
Кіші жүз – Батыс Қазақстан аумағы.
Рулары: жетіру деп аталатын тама, табын, телеу, жағалбайлы, рамадан, кердері, керейт және он екі ата Байұлына жататын адай, беріш, байбақты, тана, таздар, шеркеш, масқар, ысық, қызылқұрт, есентемір, алаша, жаппас және алты ата Әлімге жататын шекті, қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей.
Орта жүз мекендеген өңірлер
Орта жүз – қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси-экономикалық және мәдениет бірлестігі. Мақсұт Дәуітбаев жинақтаған "Қазақ шежіресі" еңбегінде 1917 жылға дейін Орта жүз рулары қыста Сырдария, Қызылқұм, Қаратау, Мойынқұм өңірлерінде, Балқаш көлінің солтүстігінде, жазда Тобыл, Есіл, Нұра, Торғай, Ертіс, Сарысу өзендері саласының алқабында, Орталық Қазақстанның кең байтақ даласында көшіп-қонып жүрген.
Ауызша деректер бойынша кезінде Ұлы жүз бен Орта жүздің табиғи шекараларының бірі болып Шу өзені белгіленген. Орта жүз солтүстікте Ресей иеліктерінің жерімен шектескен.
Орта жүздің шығуы туралы аңыз
"Бабалар сөзінің" 83-томында шежіре бойынша Бекарыстың әкесі Қазақ, Қазақтың әкесі – Алаш. Бекарыс асқан бай, кемеңгер, данышпан, көпшіл, әділ әрі қарапайым адам болған. Үйіне келген қонақты қара ма, хан ба талғамай, мейлінше дұрыс қабылдап, дастархан жайып разы қылып отырған. Бірақ перзенті болмаған. Бірде көптің бірі болып отбасына Әулие Қыдыр ата келіп, шаңырағында дәм татады. Ол Бекарыстың сый-сияпатына дән риза болып, ақ батасын беріп, тілегін айтады.
Арада тоғыз ай он күн өткен соң бәйбішесі ұл туыпты. Оның атын Қарақожа деп қойыпты. Сөйтіп артынан бірінен соң бірін босанып, Қарақожа, Ақтамберді, Дайырқожа, Мойынқожа, Ысмайыл, Қасым атты алты ұл дүниеге әкелген. Қарақожадан Арғын туады. Арғынның "аға баласы" атануы осыдан. Ақтамбердіден Қыпшақ, Дайырқожадан Қоңырат, Момыннан Найман, Ысмайылдан Керей, Қасымнан Уақ туады. Осылай Орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарайды.
Орта жүздің рулары
Шежіре бойынша Орта жүздің құрамы алты рудан тұрады: арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, қыпшақ.
Арғын – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Мұхамеджан Тынышпаев қалдырған деректер бойынша 20 ғасырдың басында 6 миллионға жуық қазақтың ішінде сан жағынан ең көбі арғындар болған – 890 мың адам.
Арғын өз ішінде екі үлкен атадан тұрады: Бес мейрам немесе бәйбіше арғын (Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек) және Жеті момын немесе тоқал арғын (Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Тобықты, Бәсентин, Шақшақ, Сарыжетім).
Арғын тайпасының ұраны – Ақжол, таңбасы – көзтаңба.
Найман – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпасының бірі. Көптеген зерттеушінің пікірінше, "найман" атауы моңғолша "сегіз" деген сөзді білдіреді. Зерттеушілер бұл тайпа 10 ғасырдан бастап "найман" деп атала бастаса да, 13 ғасырға дейін бұрынғы "сегіз" аты қосарланып аталғанын айтады.
1917 жылы Ресей үкіметі жүргізген санақ бойынша Ресей мен Қытай империясының құрамында 830 мыңдай найман өмір сүрген. Ол өзі ішінде Терістаңбалы, Сарыжомарт, Төлегетай, Сүгірші болып бөлінеді.
Наймандардың ортақ ұраны – Қаптағай, таңбасы – бақан.
Қоңырат – Орта жүз құрамындағы тайпа. Қоңырат тайпасы Көтенші, Көктің ұлы деген үлкен екі бірлестіктен тұрады. Көтеншіден Жаманбай, Аманбай, Жетімдер, Божбан, Саңғыл тараса, Көктіңұлынан Байлар, Жандар, Құлшығаш, Аққой, Оразкелді, Тоқболат, Қаракөсе ұрпақтары өрбіген.
Шыңғыс ханның шешесі мен мұрагерлері тараған үлкен әйелі Бөрте де – қоңырат қызы.
Мұхамеджан Тынышпаевтың еңбектеріне қарағанда, қоңыраттардың Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы саны 310 мың адам болған.
Қоңыраттардың ұраны – Алатау, Мүкәмәл; таңбасы – босаға таңбасы.
Қыпшақ – қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.
Қазақ халқының құрамына енген қыпшақтар негізінен Сыр бойын, Арқа өңірін, Солтүстік Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Торғай аумағын мекендейді. Өз ішінде Қарақыпшақ, Құланқыпшақ, Сарықыпшақ, Қытайқыпшақ болып бөлінеді.
Қыпшақтардың ұраны – Ойбас, таңбасы – екі тік сызық.
Керей – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. 9-11 ғасырларда олардың саны 200 мың шамасында болғаны айтылады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, киіз үйде өмір сүрген.
Керей Ашамайлы және Абақ деген екі үлкен бірлестіктен құралған.
Керейлердің ұраны – Ошыбай, Абақ, Жәнібек; таңбасы – қосу белгісі.
Уақ – Орта жүздің құрамына кіретін тайпа. Шежіре бойынша Шоға, Сарман, Байназар, Сарыбағыш, Сіргелі, Еренші, Әлімбет, Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шәйкөз руларына бөлінеді. Соңғы төртеуін Ергенекті Уақ деп те атайды.
1820 жылғы дерек бойынша Орта жүздегі уақтар 6000 түтін шамасында болған. 20 ғасырдың басындағы деректерде 2300 түтін шамасында болғаны айтылады.
Уақтардың ұраны – Жаубасар, Бармақ; таңбасы – босаға, ашамай.
Кей шежіреші алты тайпаға қосымша жетінші етіп Тарақтыны қосады. "Қазақ шежіресі" еңбегінде Орта жүз Арғын ішінде Тарақты деген ел бар, оның нәсілі кім екенін ешкім анықтап білмейді делінген.
Қазақ ішінде Тарақты Арғынның ноқта ағасы деген бір сөз бар, соған қарағанда тарақ таңбалы болып Арғыннан бөлінген бір тап болуы мүмкін.
Тарақты 12 рудан құралған: бәйбішеден төртеуі – Әлі, Сары, Қыдыр, Жаши және басқа әйелінен – Алеуке, Көгедей, Апай, Тоқтағұл, ең кіші әйелінен –Бөгеші, Бұлдырық, Айти, Қосанақ.
Орта жүздің биі
Орта жүздің биі Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған. Орта жүздің арғын тайпасы, оның ішінде қаракесек руынан шыққан.
Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған. Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізген. 17 ғасырдың 80-жылдары Қазыбектің есімі кеңінен тарай бастады. Уақыт өте келе Қазыбек би қазақ хандығының өміріне, ішкі-сыртқы саясатын анықтауға, қоғамның бейбіт дамуын қамтамасыз етуге зор ықпал етті.
Тәуке хан тұсында "Жеті жарғыны" түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі "Жеті жарғыны" жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерледі.