Саясат

Бауыржан Байбек қызметінен босату туралы өтініш жазды

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қызметінен босату туралы өтініш жазған. Бүгін, 2 ақпанда президент оның өтінішін қанағаттандырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қызметінен кетті. Ол әлеуметтік желіде қазақстандықтарға үндеу жолдап, ел басшылығына алғысын айтты.

"Nur Otan" алдына жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап ететін мүлде жаңа міндеттер қойылды. Сондықтан мен партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметімнен босату туралы тиісті өтініш бердім. Бүгін менің өтінішім қанағаттандырылды", - деп жазды Байбек Facebook-те.

Айтуынша, мемлекеттік және партиялық қызметте 20 жылдан астам еңбек еткен. Екі рет, жалпы алғанда 6 жылға жуық – "Nur Otan" төрағасының бірінші орынбасары, 3 жылдай – Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, ал 4 жыл Алматы қаласының әкімі болып істеді.
Қоғам
Тоқаев Байбекке Nur Otan партиясындағы жұмысы үшін алғыс айтты
"Қандай қызмет атқарсам да, қай салаға жауапты болсам да, мен әрқашан Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайтуға, қоғамда ішкі саяси тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға өз үлесімді қосуға тырыстым. Өз жұмысымда ашықтық пен жауапкершілік қағидаларын басшылыққа алдым. Ар-намыс, сөзге беріктік және іске адалдық деген ұғымдар мен үшін әрқашан бірінші орында болды", - деді ол.
Байбек өзіне зор сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент, "Nur Otan" партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді.