НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Алматы ауруханасында төрт айдай ата-анасын күтіп жатқан 2 жастағы баланың әжесі табылды.
Бұл туралы Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті хабарлады. Бұған дейін баланың туыстарына іздеу салған ақ халаттылар сәбидің ара-тұра аурухана терезесінен телміріп, туыстарын тағатсыздана күткендей болатынын айтқан еді.
Полицияның мәліметінше, бүлдіршін былтыр күзде табылып, тәртіп сақшылары оны қалалық №2 балалар аурухасына апарып табыстаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
№2 қалалық ауруханада ата-анасын асыға күтіп жатқан екі жасар Тәңірберген осы уақытқа дейін дәрігерлердің қамқорлығында болды. Мекеме мамандарының айтуынша, бүлдіршіннің дені сау, тек ата-анасы хабарсыз кеткесін осында күтуге мәжбүр.
Қыркүйектен қаңтарға дейін қараусыз қалған бөбектің жақын күндері ата-анасы табылмаса, балалар үйіне табыстаймыз дейді заңгерлер.
"Біз балаға бауыр басып қалдық. Алғаш келгенде қылықтары болса, қазір тілі шығып келе жатыр. Әрқайсымызды атымыздан танып, келгенде қуанып, танып жатады. "Мама папа" деп сөйлейді. Денсаулығы жақсы, тамақты жақсы ішеді", - деді №2 қалалық балалар ауруханасының педагог тәрбиешісі Гүлайым Әкрәмханова.
Бұған дейін медицина мекемесіне әкесі де некен-саяқ келіп, жағдайын айтып кететін дейді мамандар.
"2021 жылдың 22 қыркүйегінде Әуезов аудандық полиция қызметкерлерімен №2 балалар ауруханасына кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай бүлдіршін келіп түсті. Осы уақыт арасында баланың әкесі Тілепбаев Мейірбек келіп баласын балалар үйіне өткізбеуін өтініп, құжаттарын жөндеп әкелемін деп уәде берген. Әкесінің сөзінше, баланың анасы бөбекті тастап кеткен", - деді № 2 қалалық балалар ауруханасының заңгері Рүстем Балтабаев.
Қалалық полиция департаменті бұл іске қатысты жауапты адамдарды тағайындап, баланы өз қамқорлығымызға алып тиісті орындарға табыстаймыз дейді.
"Біз ертең баланың жеке басын растайтын құжаттарды рәсімдейміз. Осы уақытқа дейін бұл баланың бірде-бір құжаты болмаған. Ата-анасы туу туралы куәлік жасамаған. Сонымен қатар баланы басқа қолайлы жерге көшіру туралы шешім қабылдап жатырмыз. Тиісті талапқа сай "Әділ" деген қор осы жауапкершілікті өзіне алып отыр", - деді полиция департаменті басшысының тергеу жұмыстары бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Ал Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті баланың әжесі табылғанын хабарлады.