Дерекқор

Ұлы жүз рулары туралы қызық деректер

Ұлы жүздің құрамына қандай рулар кіретінін, олардың таңбасы мен ұранын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik
Жүз – 15-16 ғасырларда Қазақ хандығының аймақтық әкімшілік бөлінісі ретінде қалыптасқан тайпалық-рулық бірлестіктер, тайпалар одағы немесе этникалық-территориялық бірлестіктер. Яғни, қазақ ру-тайпаларының шаруашылық-географиялық ерекшеліктеріне, саяси дамуына байланысты қалыптасқан әкімшілік құрылымы.
Қазақ хандығындағы "жүз" атауы 1616 жылдан бастап алғаш рет кездеседі деп жазылған "1607-1636 жылдардағы орыс-моңғол қатынастарының тарихы туралы материалдар" деген кітапта.
Тарихи тұрғындан алғанда үш жүздің территориясы мен тайпалары мынадай:
Ұлы жүздің рулары: албан, суан, дулат, жалайыр, қаңлы, сарыүйсін, шапырашты, ысты, сіргелі, ошақты, шанышқылы.
Орта жүздің рулары: арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей және уақ.
Рулары: жетіру деп аталатын тама, табын, телеу, жағалбайлы, рамадан, кердері, керейт және он екі ата Байұлына жататын адай, беріш, байбақты, тана, таздар, шеркеш, масқар, ысық, қызылқұрт, есентемір, алаша, жаппас және алты ата Әлімге жататын шекті, қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей.

Ұлы жүз мекен еткен жерлер

Ұлы жүз – Үйсін даласы. Жетісу жері – шығысы Қаратал өзені, батысы Шу мен Қаратау, Балқаш өңірі. Бұған Қаратау қойнауы, Шыршық, Сыр, Арал өңіріне созылған Қаңлы даласы қосылады. Кейін бұл өңірге шығыстан Жалайыр тайпасы келіп қоныстанған. Ұлы жүз осы үш үлкен тайпаның негізінде құрылды.

Ұлы жүздің шығуы туралы аңыз

Үйсін батыр өзі жау жаулап кеткенде Доғалақ тоқалы жүкті екен. Елі үркіп, әйелді "толғатып, жүре алмайсың" деп жұртқа тастап кеткен. Ертеңіне жау келіп, жұртта баласын алып отырған әйелден "ел қайда?" деп сұрайды. Сонда әйел: "Ел кеше үркіп кетті" деп жауап берген. "Бұл жерде не бар?" дегенде: "Осы тұрған таудың арғы жағында осы елдің жылқысы бар. Айдап кеткенін, кетпегенін білмеймін" депті. Жау "бұл таудың жолы қайда?" деп сұрапты. "Таудың жолы күн жарымдық. Тұманғынан айналып барасың" деп жол көрсеткен.
Жау жағы адамын жіберіп, жартысы кейін үш күнде жылқыны жатқан жерінен айдап келіпті. Жылқыны айдап келген соң әйелге бір жылқы берейін десе, әйел айтыпты: "маған жылқы берсең, осы кәрі құла айғырды беріңіз" депті. Олар құйрығы шұбатылған бір құла айғырды берген екен. Әйел соны байлап алыпты. Жау жылқыны айдап кетіпті. Таң алдында айғыр қатты бір кісінейді. Ертеңі кешке жылқының жартысы қайтып келіпті. Келесі күні жартысы келіпті. Соңынан адам келмеген.
Әйел құла айғырды үйіріне жіберіпті. Жылқы тауды айналып орнына барған соң, әйел таудың белінен қиялай түсіп, жылқының ішіне қос қылып отырыпты.
Бірнеше күннен соң Үйсін батыр жұртына келсе, елі жоқ. Тау жағына қараса, бір арбаның ізі бар. Сонымен батыр атын жаяу жетелеп қиялап көп бейнет, машақатпен қуалап келсе, жылқының ішінде әйелі баласын алып отыр екен. "Ел қайда, не қылып отырсың?" десе, болған оқиғаны баяндаған. Содан кейін еліне бармай, сол әйеліне үй тігіп беріп, бірге болған. Бәйбішесінің он екі баласы атасынан жылқы қуып, араз болыпты. Соған қарғыс тиіп, қазір сол он екі баланың тұқымы әр елде аз-аз, тозғындап кеткен. Ал тоқалының тұқымы "Ұлы жүз" болып жүр екен делінген "Бабалар сөзі" сериясымен шыққан еңбекте.

Ұлы жүздің биі

Қазақ тарихында үш жүздің үш биі болған. Олар әділ әрі елге сыйлы болып, сол кезде қазіргі сот пен тергеушінің міндетін атқарған. Алдына мәселесін айтып келген ағайынның араздығына төрелік айтып, даулы мәселеге ойлы шешімдері арқылы нүкте қойған.
Ұлы жүздің биі – Төле би. Филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы мен Уәлихан Қалижанның дерегіне сүйенсек, Әлібекұлы Төле қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінің Жайсаң деген жайлауында дүниеге келген. Өмір сүрген жері – Шымкент, Леңгір ауданы, Ақбұрхан Орда.
Төле Әлібекұлы 15 жасында билік етіп, кесім айтқан. Бұл жағдай былай сипатталады: "Төле бидің шешесі қайтыс болып, жыл толған соң әкесі Әлібек бәйбішесіне аса береді, үш жүздің баласына үш жүз үй тігеді, әр үйге күтуші тағайындайды. Әлібек баласын шақырып алып:
Төле, қарағым, ортадағы үлкен ақ боз үйдегі кісілердің қолына су құй, - деп тапсырады. Бірақ жас бала жүрексініп, сескене табалдырықты аттайды. Ол Мамай бидің алдына келгенде сүрініп кетеді. Баланы сынап көргісі келген Мамай би:
Е, балам, олжаңа ортақпыз, асса әкең Әлібекке де қалдырып қой, - депті. Төле әдеп сақтап, шәугім-табақты алып сыртқа шығады да, үйге қайта кіріп:
Дат, тақсыр!, - депті.
Мамай би:
Балам, құлағымыз сенде, - дейді.
Сонда бала Төле:
Таңның таң екенін кім білер,
Сарғайып барып атпаса.
Күнің күн екенін кім білер,
Қызарып барып батпаса.
Орданың орда екенін кім білер,
Мен сияқты қызыметші бала
Сүрініп құлап жатпаса.
Иттің ит екенін кім білер,
Жығылып жатқан баланың
Тақымынан қаппаса.
Бұл сөзім сізге өткен шығар,
Сүйегіңізге жеткен шығар.
Сұраған сөз шекер ме,
Би олжасыз кетер ме?!
Осы сөзім сізге олжа,
Түсінсеңіз жетер де, - деп шығып кетеді.
Осы оқиғадан кейін Мамай би:
Е, халайық, жаңағы бала кім еді? - деп сұрайды.
Жұрт:
Әлібек бидің баласы – Төле, - деседі.
Мамай би:
Бүгінен бастап билікті сол балаға бердім, ендігі билеріңіз Төле болады, -депті.
Төле би Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығының Ата заңына айналған әйгілі "Жеті жарғы" жобасын шығарған кемеңгердің бірі.
Дерекқор
Орта жүз рулары туралы деректер
"Жеті жарғы" жобасында жер дауы, жесір дауы, мал дауы, құн дауы, алым-салықтың түрлері, ер мен әйелдің некелесу салттары, ру, тайпа таңбалары, оның ұрандары, барымтаға тыйым салу, хандар мен сұлтандардың үстемдіктерін біршама шектеу, билердің басқару рөлін жоғарылату белгіленді.
Төле би Әлібекұлы 1756 жылы Ташкент қаласының жанындағы Ақбұрқан деген жерде 93 жасында қайтыс болған, денесі Ташкент қаласындағы атақты Бабырдың арғы аталары Юнус хан мазарының қасында қойылған, күйдірген қызыл кірпіштен биіктігі 15 метрлік зәулім ескерткіш орнатылған.

Ұлы жүздің рулары

Қаңлы – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Ұлы жүз құрамына енеді. Қаңлылардың атасы Майқы би болып саналады.
Қаңлылар сары қаңлы және қара қаңлы болып екіге бөлінеді. Ұлы жүздің Төбейден басталатын шежіресінде Төбейден Бәйтерек, одан Қаңлы, одан Қанкөжек, Келдібек тарайды. Келдіктің бірінші әйелі – Сары бәйбішеден сары қаңлы, екінші әйелінен қара қаңлы ұрпақтары өрбиді. Жетісу қаңлылары да сары қаңлы, қара қаңлы болып бөлінеді. Ұраны – Бәйтерек, айрылмас. Таңбасы – көсеу.
Мақсұт Даутбаев жинақтаған "Қазақ шежіресі" еңбегінде осылай айтылған.
Сіргелі – Ұлы жүз құрамындағы 11 арыс елдің бірі. Қазақтың барлық шежіре деректерінде үйсінмен бірге туғаны айтылады. Ежелгі деректерде сіргелінің Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ежелгі тайпа екені айтылады. Таңбасы – мұрындық, сірге.
Жалайыр – Алматы облысының Сарыөзек, Талдықорған маңы мен Іле, Балқаш өңірлерін мекендеген тайпа. Мұхамеджан Тынышбайұлының кітабында жалайырлар Шыңғыс хан кезінде және кейінірек төрт топқа бөлінгені айтылады. Біріншісі – Моңғолия мен Қытайда қалды. Екіншісі – Жошы балаларына беріліп, барлық аңыз бойынша Шу өзенінің орта ағысынан Шығысқа қарай орналасып, Шуманақ деп аталады. Үшінші тобы – Шыршық пен Әңгірен бойын жайлағандар тарихта Жалайыр ордасы атымен белгілі. Төртінші топ – Хулағу ханмен Парсыға өтіп кетті. Ұраны – Қоблан, таңбасы – тарақ.
Ысты – 13 ғасырда қазақ жерінде Шу мен Талас бойын мекендеген тайпа. 15 ғасырда Қазақ хандығының құрамына енді, содан кейін өзге тайпалармен араласып, біраз бөлігі Іленің сол жағалауын қоныстанған. Әулиеата, Шымкент, Верный уездерін де мекендеген. Таңбасы – көсеу, ұраны – Жауатар.
Ошақты – Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Ол байлы, қаңыр, аталық, тас жүрек секілді рулар бірлестігіне бөлінеді. Байлыдан сүзік, байсары, қасқа, қабыл рулары; қоңырдан шуылдақ, алданар, жамантымақ, түлікші рулары; аталықтан орақ, жалмәмбет рулары тарайды. Тас жүректен он екі ру тарайды: қосақ, солақай, сейіт, тоқтауыл, қараман, келмембет, бөлек, тас, тілеу, қайғы, таз, кенже.
Ошақтылар Талас өзенінің төменгі ағысын қоныстанған. Ошақтының ұраны – Бақтияр, таңбасы – тұмар.
Шапырашты – Ұлы жүз құрамындағы көне тайпа. Тарихи деректерге қарасақ, шапыраштыдан тараған рулар Іле Алатауының бөктеріндегі Түрген, Талғар, Алматы, Ақсай, Қаскелең, Қарғалы, Жаманты өзенінің бойын жайлап, Іле бойын қоныстанған.
Шапыраштыдан Қарасай, Кәшке, Бөлек, Байторы, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Қараш, Қаумен, Қасқары, Қазбек, Қастек, Наурызбай, Сатай сиқяты даңқты батырлар мен Жамбыл, Сүйінбай, Үмбетәлі секілді ақындар шыққан.
Шапыраштының ұраны – Бақтияр, таңбасы – ай, тұмар.
Албан – қазақ халқын құраған ежелгі ірі тайпалардың бірі. Қазақ шежіресінде Албан Үйсіннің Бәйдібек тармағынан тарайтын Дулат, Суан, Шапырашты, Ошақты, Ысты тайпаларының ағасы болып есептеледі. Албан сары және шыбыл деген екі ру бірлестігіне бөлінеді.
Албаннан Райымбек, Рыскелді, Байсейіт, Диқанбай, Малайсары, Оңқа, Мамай секілді батырлар шыққан.
Албандардың ұраны – Райымбек, Бәйдібек. Таңбасы – дөңгелек.
Суан – Ұлы жүздің құрамындағы ежелгі тайпа. 19 ғасырдың бірінші ширегіндегі деректерде Суан Тоқарыстаннан Байтүгел, Бағыс, Жесегір руларына бөлінген. Сол кездегі Жаркент уезінің солтүстік жағында Ілеге дейін, оңтүстігінде Көктерек өзенінің бойын жайлаған.
Суанның таңбасы – дөңгелек, рудың ұраны – Байсуан, тайпалық ұраны – Райымбек.
Дулат – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Қазақ шежіресі бойынша дулат – Ұлы жүздің құрамына кіретін ірі тайпалардың бірі. Дулаттар Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында көптеп шоғырланған.
Сарыүйсін – Ұлы жүздің құрамында болған көне тайпа. 1897 жылы санақ бойынша Сарыүйсін 1700 түтін, екі болыс ел болған. Сарытауқұм, Мойынқұм, Шуға құйылатын Құрақатты өңірінің бойын мекен еткен. Сарыүйсіннен Сарыби шешен, Алтай шешен шыққан.
Сарыүйсіннің ұраны – Байтоқты, таңбасы – абақ.
Ұлы жүздің тағы бір руы – Шанышқылы. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша бұл рудың шығу тегі мен тарихы туралы көне деректер жоқтың қасы. 18 ғасырдың ортасынан бастап орыс деректерінде "шанышқылы Ұлы жүз құрамына кіріп, Қаратау мен Талас өзенінің күнгейінде көшіп жүреді" деп жазылған.
19 ғасырдың аяғына таман шанышқылының аз бөлігі Жетісу өлкесі, Верный уезінің Түрген өзенінің бойында ғұмыр кешкен. Сырдария уәлаяты Ташкент уезінде 2000 түтін, Верный, Қапал, Әулиеата, Шымкент және Ташкент уезінде барлығы 10 000 түтін болған. Мұхамеджан Тынышбаевтың дерегінше, 1917 жылы қаңлылар мен шанышқылар Верный уезінде 10 мың жан, Әулиеатада 20 мың жан, ал Ташкент уезінде 160 мың жан өмір сүрген. Ұраны – Айрылмас, таңбасы – қол-таңба.
Дерекқор
Кіші жүз рулары туралы қызық деректер