Экономика

Қазақстан мен Қытайдың статистикасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар

Былтыр екі елдің статистикасындағы айырмашылық 5,7 миллиард долларға жетті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен кеңесте салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне тоқталды.
"Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда", - деді Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте.
Айтуынша, келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнама нәтижесі бойынша шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90%-і жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45%-і кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр", – деді президент.

Мемлекеттік сатып алулар

Сондай-ақ Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.
"Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда "Қазавтожол" техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды", – деді Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс.