Баспананы жалға алу ақысын субсидиялауға қалай өтініш беруге болады

Жалдау ақысын субсидиялауға үміткер баспана ақысын онлайн режимде немесе "Отбасы банк" филиалында рәсімдей алады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан — Sputnik. Қазіргі уақытта Отбасы банк (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) қазақстандықтардан тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға онлайн режимде өтініш қабылдау үшін Baspana Market платформасын жетілдіріп жатыр.
Барлық процесті автоматтандыру үшін банк 6 бірдей мемлекеттік органның 16 деректер базасымен интеграция жүргізуі қажет.
"Сондықтан баспананы жалдау ақысын субсидиялау 2022 жылдың мамырынан басталады", - деп хабарлады банк.
Көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш жолдай алады. Алайда бұл үміткерлер баспанаға мұқтаж азаматтар ретінде жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұруы қажет.
Олардың әрбір отбасы мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспауға тиіс (2022 жылы 1 күнкөріс шегі – 36 018 теңге).
Мұндай отбасыларға көмек ретінде бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінеді. Банк болжамы бойынша бұл қаражат 70 мың қазақстандықтың баспана жалдау ақысының жартысын субсидиялауға мүмкіндік береді.
"Бұл тізімдегілердің басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. Олардың саны 51 мыңға жуықтайды. Тағы 10 мың адам 1 және 2 топтағы мүгедектер қатарында, 7 мың отбасы мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған тұрмысы төмен отбасылар, 2 мың жетім бала бар. Енді олар үшін баспана мәселесі күрделі проблема болмайды. Олар отбасы бюджетіне түсетін жүктемені азайта алады. Ал үнемделген қаражатты тұрмысты жақсартуға бағыттауға немесе жеңілдетілген кредит беру бағдарламаларына қатысу үшін қаражат жинақтауға болады", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Бағдарламаға қатысатын азаматтардың тізімін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түзеді. Тізімді алғаннан кейін "Отбасы Банк" осы бағыттың операторы ретінде жалдау ақысын субсидиялау мүмкіндігі туралы тізімдегі азаматтарды хабарландырады. Одан кейін үміткер банк филиалына келмей-ақ, банк платформасы арқылы онлайн режимде өтініш жолдай алады.
Ол үшін қазақстандықтардың электронды цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Өтініш беруші кірісі бойынша платформада тексеруден өткеннен кейін өзіне қолайлы баспана тауып, жалға алу шартына онлайн қол қояды және тіркейді де, қолданыста болатын есепшот ашып, жалға алу ақысының 50%-ін сол есепшотқа аударады. Содан кейін банк қалған 50%-ін аударып, жалға алушының төлем тәртібін қадағалайды.
Егер үміткердің жалдау ақысын субсидиялауға онлайн өтініш беру мүмкіндігі болмаса, ол мұны Отбасы банктің филиалындағы өз-өзіне қызмет көрсету аумағында орындай алады.
"Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкi" АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын жалғыз банк. Банк Еуропа құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. "Отбасы банк" жалғыз акционері – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ.