НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағанын мәлімдеді. Осыған орай арнайы қаулы шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін. Н.З. Нығматулиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісіне енгізілсін", - делінген қаулыда.
59 жастағы Нұрлан Нығматулин екі рет мәжіліс төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ әр жылдары президент әкімшілігінің жетекшісі, Қарағанды облысының әкімі болды.
Тоқаев мәжілісті не үшін сынға алды
28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістің жұмысына қатысты бірнеше ескерту жасады. Атап айтқанда, төменгі палатадағы партияның фракциясын "қайта жүктеу" қажеттігін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, фракция депутаттары өзекті проблемаларды біліп қана қоймай, партия ұстанымын түсінікте тілде жеткізуі керек. Демагогияға да жол берілмеуі шарт.
"Сайлаушылармен тікелей диалог жасаған аса маңызды. Халықпен жиі кездесу керек, әсіресе, шалғай ауылдарға барған жөн. Депутаттық сауалдар формалды түрде жазылмауы тиіс. Мазмұны нақты және азаматтардың шынайы проблемаларын көрсетуі керек.", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарына да ескерту жасады.
"Мәслихат депутатының белгісі аймақтық элитаның атрибуты және жоғары кабинеттерге кіруге рұқсат беретін зат емес. Бұл – адамның халықпен сайланғанын көрсететін белгі. Сондықтан ол халық мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Депутаттар осы маңызды айырмашылықты жете түсінуі керек. Әзірше, біздің депутаттарымыздың халық арасында тиісті беделі жоқ. Оны қайғылы қаңтар оқиғалары да айқын көрсетті", - деп атап көрсетті Тоқаев.