НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Баспана кезегінде тұрған адамдарға аренда ақысын төлеуге көмектесетін жаңа бағдарлама мамыр айында іске қосылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін президент жекелеген санаттарға арендалық төлемнің бір бөлігі субсидиялау тетігін әзірлеуді тапсырған болатын.
Министрдің айтуынша, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді. Оператор болып Отбасы банк белгіленді.
Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексереді.
"Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген: 50 %-і мемлекеттік субсидия есебінен жабылады, қалған 50 процентін үйді жалға алған адам өзі төлейді. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосу мамыр айына жоспарланған", - деді Өскенбаев үкімет отырысында.
Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар:
Төлем тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы өтініш пен баспананы жалдау шартын қоса береді.
Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынады.
Отбасы банк ұсынылған құжаттардың сәйкестігін тексеріп, растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде арендалық төлемді аударады.