Қаңтар оқиғасы

Бүлік кезінде арматура таратқан: Алматы облысы мен қаланың 6 тұрғыны ұсталды

Ішкі істер министрлігі тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстың басым бөлігі қай өңірлерде жасалғанын хабарлады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде арматура таратқан алты адам қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Бағланбек Айтбаевтың айтуынша, күдіктілер таратқан араматураны полицейлер мен әскерилерге қарсы қолданған.
"Олар – Алматы және Алматы облысының тұрғындары. Барлығы уақытша қамау изоляторына тоғытылды", - дейді Айтбаев.
Оның сөзіне қарағанда, күдіктілер шұғыл алдын алу шарасы аясында ұсталған. Ол 19 қаңтар күні төтенше жағдай режимі аяқталған бойда басталып кеткен. Негізгі мақсаты – төтенше жағдайдың салдарын жою, тәртіп орнату.
"Бұдан бөлек, елордада халықаралық іздеуде жүрген Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Ол 5 қаңтарда Шу ауданының Төле би ауылында Nur Otan партиясының әкімшілік ғимаратын өртеуге қатысты", - деп атап көрсетті Айтбаев.
Жалпы, "Құқық тәртібі" шұғыл іс-шарасы аясында 4 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Соның ішінде қоғамдық орындарда және көшеде жасалған әрекеттер де бар. Қылмыстың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Алматы мен Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында тіркелген.
Еске салсақ, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары газ бағасының күрт көтерілуіне наразылық білдіріп, митингке шықты. Ертесінде наразылық акциялары басқа аймақтарда жалғасты. Мұнай компанияларының жұмысшылары да көшеге шықты. Ал 4 қаңтарда бірнеше қалада жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Әкімшілік ғимараттары мен дүкендер тоналды. Әсіресе, Алматыда қарақшылық көп болды. Ресми мәліметке сәйкес, қаңтардың басындағы бүлік кезінде 227 адам қаза болды.