НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон осы аптада Ресей мәселесімен айналысуды көздеп отыр. Ол Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуді және Эстониядағы британ әскерилерінің санын екі есе арттыруды жоспарлаған. Лондон Ресейге қарсы санкциялар пакетін кеңейтуді қарастырып жатыр, деп жазды РИА Новости.
Қатаң шектеулер туралы жариялау міндеті сыртқы істер министрі Элизабет Трасқа жүктелді. Британ дипломатиясының басшысы Sky News телеарнасының эфирінде сұсты кейіппен "Кремльге қызығушылық танытып отырған кез келген компанияны қатаң жазалауға" уәде етті. Жүргізушінің "британ билігі дәулетті орыстардың Лондондағы зәулім үйлерін тартып ала ма? деген сұрағына Трасс "Мұны жоққа шығара алмаймыз. Санкциялар кімге және қаншалықты қатысты болатынын қазір жіктеп айтпаймыз" деп жауап берді.
Ал ішкі саясатқа қатысты сауалдарға министр жылы жауап қатты: ол Еуроодақпен қарым-қатынаста өзектілігі артқан Солтүстік Ирландия тағдыры туралы айтып, Ресей және Украина жайымен айналысып жатқан премьер-министрдің төңірегіндегі жағдайға екіұдай жауап берді.
Джонсон қазір өз басын аман алып қалуды ойластырып жатқан көрінеді. Себебі оның резиденциясындағы сауық кешіне қатысты туындаған дау ушығып барады. Алайда Лондон полициясы премьер-министрге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Өткен аптада Джонсон өз қол астында қызмет ететін Сью Грейдің "кім кіммен отырғаны және не ішкені туралы" баяндамасын жариялауға уәде етті.
Бірақ Скотленд-Ярд аяқ астынан бұл істі өз бақылауына алып, бас полицей Крессида Дик қажет болса премьер-министрден де жауап алатынын мәлімдеді. Ал Джонсон бұл мәлімдемеге қуанбаса, қарсылық танытқан жоқ. Өйткен комиссар Джонсон уәде еткен баяндаманы тергеуге кедергі келтірмес үшін әзірше жария етпеуді талап етті. Бұл тергеу бірнеше айға созылатыны анық. Ал Джонсонға қазір мейлінше ұзақ уақыт ауадай қажет болып тұр.
Осы аралықта уақытты тиімді пайдалануды көздеп отырған Джонсон елдегі жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын жақсы түсініп отыр: сайлаушылар газ бен электр қуатының қымбаттауына наразы, ал сәуірден бастап салық та көбейеді. Ал мамырда Ұлыбританияда жергілікті сайлау өтіп, премьер-министрдің одан кейінгі тағдыры анықталады. Сондықтан Джонсон Ресей-Украина қарым-қатынасына білек сыбана кірісті: ол құрлыққа қосымша әскер жіберіп, тіпті Шығыс Еуропаға сапар жасау жоспарлап қойған болатын. Оның осы бастамасына қолдау көрсетіп, арандатып жатқандар аз емес.
"НАТО одақтастарының біріне немесе Еуроодақтың бейтарап мүшесіне зиян келтірер болса, біз тап қазір әрекетке көшетінімізді осы жолы Путин түсінуі керек", - деп The Times басылымы бұрынғы премьер-министр Тони Блэрдің аппарат жетекшісі Джонатан Пауэлдің сөзін жариялады.
Дәл осы Тони Блэр қызметте болған шақта Ұлыбританияның Иракқа кіруіне бастамашы болған еді. Сол кезден бері әрекет ету әдістері еш өзгермегені байқалады: барлау қызметінің дәйексіз баяндамалары, БАҚ-тағы ауқымды науқан. Соңғы аптада Украинадағы жағдайды асыра сілтеп көрсетуді көздеген бри таниялық журналистердің сөздік қоры мен суреттері де таусылған сыңайлы. Өйткені The Times қолына қару ұстаған үй шаруасындағы украин әйелдің суретін бірнеше рет жариялап, оның аты-жөнін әртүрлі етіп ұсынып жатыр, деп жазды РИА Новости.
Антиресейлік бағытты анықтайтындардың сайлау қарсаңында электоралды проблемасы артты. Джонсон мен Байденнің рейтингі нашар, ал Макрон сәуірде сайлауға қатысады. Сондықтан олар осындай саяси науқан қарсаңында жұмыла жұдырық болып әрекет етуді көздеп отыр. Одақтастардың ұжымдық іс-қимылы өз күшіне күмәні көп немістерді арандатуға бағытталған. Украинаға қару-жарақ жеткізуден қысыла бас тартқан Германияның жаңа үкіметі бәрібір бұл елге қорғаныш бас киім жөнелтті.
Ал екінші тараптағылар Германия темір бас киімнен емес, "Солтүстік ағын – 2" газ құбырынан бас тартады деп күтіп отыр. Осылайша Ұлыбритания мен АҚШ өз проблемасын немістердің есебінен шешіп алғысы келеді.
Британия премьері Ресей айналасындағы ахуалды шиеленістірмей, өз одақтастарының наразылығын ұтымды шеше ала ма? Алдыңғы премьер-министр Тереза Мэй де Скрипаль тақырыбын және қатаң санкция режимі мәселесін ушықтырып, дәл осы әдісті қолданған. Ол жария еткен Ресей капиталына қарсы күрес Роман Абрамовчике берілмеген виза мәселесімен аяқталды. "Челси" иесі бұл шектеуді шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Ал Мэй артынша премьер-министр қызметінен кетті.