НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желіде пост жариялап, қаланы басқарған уақытта не істегенін баяндады.
"Бүгін өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін мемлекет басшысына ризамын. Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым", - дейді Сағынтаев.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін ұзақ мерзімді "Алматы-2050" стратегиясы қабылданып, қаланы дамытудың жоспары айқындалды. Қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударылып, "Жаңа Алматы" кешенді бағдарламасы мақұлданды.
"Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық. Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді", - деп атап өтті экс-әкім.
Бұдан бөлек, мектептерді жедел салу бағдарламасы қолға алынды. 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Ал экологияны жақсарту үшін екі жүйелі шешім қабылданды. Біріншісі - миллион ағаш отырғызу, ал екінші – ЖЭО-ны газға ауыстыру.
"Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдарыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде", - деді Сағынтаев.
Айта кетері, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.