АЛМАТЫ, 31 қаңтар – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала орталығында тәртіпсіздіктер болып, тонау күшейген күндері немен айналысқанын айтып берді.
Сондай-ақ Сағынтаев қала тұрғындары оны Алматы әкімі қызметінен босатуды талап еткен петицияға қатысты түсініктеме берді.
"Сын айтылатынын білдім. Әрине, бәрі аяқталған кезде сын да айтылды, петиция да пайда болды. Мен де адаммын, әрі қарай жұмыс істеуім керек, мен өз жұмысымды жалғастырдым, өйткені қаланы тез қалпына келтіріп, залалды өтеу қажет. Қалай болғанда да, әр сынның пайдасы бар. Ренжідім бе, жоқ па, мен қызметімді атқардым. Жауапкершілікті түсініп, қала тіршілігін қамтамасыз ету керек екенімді білдім", – деді Сағынтаев берген сұхбатында.
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында Сағынтаев мегаполисте болған тәртіпсіздікке байланысты қиын жағдайға тап болғанын айтты.
"Оны кінәлай алмаймын. Қызметтік міндеттерін атқару жағынан адал адам. Алайда алматылықтардың көңіл-күйін де ескеруге міндеттімін. Сол себепті уақыт келгенде білесіздер", - деді Тоқаев сұхбатында.
Айта кетері, 6 қаңтарда Сағынтаевтың кортежіне оқ атылды. Шабуыл салдарынан "Алматы" телеарнасының жүргізушісі көз жұмды. Сағынтаевпен бірге жүрген спорт басқармасының басшысы, дін басқармасының басшысы, қала әкімінің жүргізушісі және "Алматы" телеарнасының операторы жарақат алды.