Экономика

Утилизациялық алым өзгереді: сарапшылар көлік бағасына болжам жасады

Автосарапшылар утилизациялық алымның жаңа ставкасы автокөлік нарығына қалай әсер ететінін айтты  
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Президенттің тапсырмасымен утилизациялық алымның ставкасы қайта қаралады. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жаңа мөлшерлеме ақпан айының соңына дейін бекітіледі деген жоспар бар. Sputnik Қазақстан тілшісі автосарапшылармен әңгімелесіп, утилизациялық алымның өзгеруі көлік бағасына қалай әсер етінін білді.

Баға түспейді, тіпті өсуі мүмкін

"Ортақ жол" қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығының президенті Әрсен Шәкуовтің айтуынша, көлік бағасын үкімет немесе утилизациялық алым емес, нарықтың өзі белгілейді. Бәсекелестік ортаны ешкім алып тастаған жоқ.  
"Мысалы, 7-8 миллион теңге тұратын мінілген Toyota Camry 50 дәл сол бағамен сатылады. Себебі ешкім өз ақшасын жоғалтқысы келмейді. Тиісінше баға түспейді. Ал жаңа автокөліктердің бағасын үкімет немесе автодилер белгілемейді. Оны маркетингтік компания анықтайды. Мәселен, Kia маркалы автокөліктердің бағасын сол компанияның ТМД бойынша маркетологы белгілейді. Президенттің тапсырмасы болғандықтан, утиль алымының ставкасы түсетіні анық. Бірақ елу процентке емес, әрі кетсе 10-15%-ке. Сондықтан баға түседі деп күтудің қажеті жоқ. Әйтпесе қазір бүкіл халық солай ойлап жүр", - дейді Шәкуов.   
Айтуынша, егер 2015 жылы утилизациялық алым енгізілмегенде, Қазақстан ескі көліктердің қоқысына тұншығып қалатын еді. Сондықтан экология тұрғысынан утилизациялық алым өз-өзін ақтайды.
Шәкуовтің пікірінше, утиль алымы өзгерген күннің өзінде темір тұлпардың құны сол қалпы қалады, тіпті өсуі мүмкін. Өйткені Ресейге қарағанда көлік Қазақстанда арзан екенін естісе, ресейліктердің өзі көлікті бізден сатып алады. Ал бұл нарықта автокөлік тапшылығын тудыруы ықтимал.
Оқи отырыңыз: Утилизациялық алымның мөлшерлемесі ақпан айының соңына дейін бекітіледі
"Адамдар бұл мәселенің экономикалық тұсына үңіле бермейді. Утилизациялық алымды кедергі, тосқауыл деп санайды. Сондықтан утиль алымын алып тастау мәселесін емес, халықтың төлем қабілеттігін көтеру қажет. Көлік сатып алатын мүмкіндігі болуы үшін жалақыны өсіру керек. Бастапқы жарнасыз, пайызсыз немесе жеңілдетілген кредит бағдарламасын дамытқан жөн. Мүгедектерге, жалғызбасты аналарға, ауыл мұғалімдеріне жеңілдік жасалуға тиіс", - дейді автосарапшы.

Утиль алымы 100 мың теңгеден аспауы шарт

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков егер утиль алымының ставкасы жұртшылық талап етіп отырғандай ақылға қонымды межеде белгіленсе, онда көлік аздап арзандайды деп санайды. Ол да әріптесі сияқты бағаның біршама түсетініне үміттенбеуге шақырды.
"Утилизациялық алым қайта қаралып, ең жоғарғы мөлшері 100 мың теңгеден аспаса, яғни 20, 30, 50 мың теңгеден басталса, онда елге кіргізілетін жаңа және мінілген автокөліктердің өзіндік құны төмендейді. Мысалы, қазір бір көлік үшін утиль алымы 3 миллион теңгені құраса, ол 100 мың теңгеге дейін төмендеген жағдайда, оны елге кіргізу құны 2 миллион 900 мың теңгеге арзан болуы мүмкін. Бірақ утиль алымынан бөлек, көлік бағасына әсер ететін сыртқы факторлар да бар. Әлемдік нарықта металлдың қымбаттауы, электронды компоненттер тапшылығы, логистика проблемасы. Өкінішке қарай, мұның бәрі автокөлік бағасының өсуіне түрткі болады", - деді Эдоков.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлігі жоқ отбасыларға жеңілдетілген автокредит берілуі мүмкін
Егер сыртқы факторлар бағаны жылына небәрі 5-10%-ке өсірсе, утиль алымының ақылға қонымды шекке дейін төмендеуі елге жаңадан жеткізілетін автокөліктердің арзандауына әкелуі мүмкін. Бірақ, бұл таяу арада іске аспайды, деді сарапшы.

Утилизациялық алымды алып тастаса не болады

Әрсен Шәкуовтің пікірінше, утиль алымын мүлде алып тастаса, он жылдан кейін Қазақстан автокөлік саласында экономиканың күйреуіне тап болады.
"Утиль алымын алып тастаса, үкімет бәрібір де шектеу шараларының көзін табады. Бұл, ең алдымен, экология үшін жасалады ғой. Мәселен, Жапонияда 100% салық төлеу керек. Канадада 90% төлейді, яғни көлік импорттаса, оның бағасының үстіне 90 процент салық қосылады. Егер бізде утиль алымы жойылса, үкімет жанар-жағармайды қымбаттатады. Литріне 180 теңге емес, 1000 теңге төлейміз. Такси индустриясы құлдырайды. Себебі бәрі автокөлік сатып алып, такси жүргізушісі болады. Ал бәрінің астында көлік болса, таксистер кімді тасиды?", - дейді сарапшы.
Ал Эдуард Эдоков утилизациялық алым жалпыәлемдік тәжірибе екенін атап өтті. Мұндай алым Еуропада да, Жапонияда да, тағы басқа елдерде бар.
Оқи отырыңыз: Депутат утилизациялық алым жинауға мораторий жариялауды ұсынды
"Мысалы, Германияда утиль алымы 200 еуродан аспайды, яғни 100 мың теңге шамасында. Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін ескерсек, ол 50 мың теңгеден аспауы шарт. Ал жалпы утилизация – тиімді процесс, бұл бизнес. Егер сіз көлігіңізді утилизацияға апарсаңыз, сізге ақша төлейді. Сізден ақша алмайды, керісінше сізге төлейді", - деді одақ төрағасы.

Қазақстандық автоөнеркәсіптің жай-күйі

Эдоков утиль алымы ретінде жиналатын ақшаның автокөлік өнеркәсібін дамытуға жұмсалатынына қарсы. Себебі, сарапшының пікірінше, қазақстандық автоөнеркәсіптің болашағы жоқ.
"Өкінішке қарай, әртүрлі экономикалық факторға байланысты Қазақстанның автоөнеркәсібі аяқтан тұра алмайды. Ешқандай ірі автоөндіруші өніміне сұраныс болмайтын зауытқа 500 миллион немесе миллиард доллар құймайды. Себебі құны миллиард доллар тұратын автозауыт жыл сайын 200-300 мың көлік шығарып, оны сатуы керек. Ал бізде мұндай сұраныс жоқ", - дейді ол.
Айтуынша, Ресейдің өз автозауыттары бар, Қытай да құр алақан емес. Ал басқа елдердің көп жаңа автокөлікті сатып алуға шамасы жетпейді. Сондықтан автоөнеркәсіп Қазақстанға экономикалық жағынан пайдасыз және таяу келешекте де тиімді болмайды, деп санайды Эдоков.