НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының Сарыағаш стансасында Өзбекстанға жөнелтілген 40 вагон картоп тұрып қалды.
Павлодар облысының жүк жөнелтушілері вагондарға картопты 2022 жылдың 11-20 қаңтары аралығында тиеген. Барлық вагонның ауыл шаруашылығы министрлігі мен жөнелтуші кеден органдары берген фитосанитариялық және карантиндік сертификаттары мен экспорттық кеден декларациясы бар, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы".
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2022 жылдың 10 қаңтарында ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінің Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды әкетуге тыйым салуды енгізу туралы НР-5,21 бұйрығы қабылданған.
Құжат жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енді.
Осы жағдай байланысты "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС осы жылдың 25 қаңтарында ауыл шаруашылығы министрлігі мен қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің атына сауал жолдады.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігі картопты экспортқа шығаруға ешқандай кедергі болмағанын хабарлады.
"Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік инспекторлары көрсетілген тауардың фитосанитариялық сертификаттарын тексеру кезінде олардың тыйым салынғанға дейін берілгенін анықтады, осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан аталған тауарларды шығаруға ешқандай кедергі болмаған", - деп түсіндірді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның пікірінше, бұл тауарлар Қазақстан аумағынан шығарылуға тиіс.
Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда аталған көлемді Қазақстан аумағынан шығару шаралары қолға алынды.