НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда болған қанды оқиғаларды тергеу кезінде анықталған кейбір жайттарды жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Содырлардың Алматыдағы әуежайды басып алғанын білесіздер. Қазіргі кезде тергеушілер осы шабуылдың негізгі мақсатын анықтады. Оған дейін Орталық Азияның бір елінен адамдар тобы келді. Олардың ішінде содырлар мен командирлер болды. Әрине, барлығы гастарбайтер болып келген. Оларды шекара бекеті арқылы өткізіп, қалаға кіргізген. Содан операцияны бастап кетті. Ал құқық қорғаушылар басымдыққа ие болғаннан кейін ол адамдарды әуежай арқылы қайтадан эвакуациялап, әуежай ғимаратын бере салды", - деді Тоқаев "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында.
Тергеу кезінде қақтығыстарға қатысқан бандиттердің есірткі шеккені де анықталды.
"Олар есірткінің әсерінде болды. Жарақат алғанын да сезбеді. Мысалы, күш құрылымдары операцияның соңында бандиттердің аяғынан атты. Сол кезде олар құласа да, жарақат алғанын сезбеді. Осы жайт та дайындықтың болғанын көрсетеді", - деп атап өтті Тоқаев.
Президенттің айтуынша, басында бейбіт митинг болған. Бірақ артынан тонаушылар мен зорлаушылар келді. Оларды кәсіби содырлар басқарды.
"Меніңше бұл жоспарлы түрде жасалған акция болды. Тәртіпсіздіктердің әрбір кезеңін ойластырып қойған. Шынымен де, бас кезінде бейбіт митинг болды. Ол кезде шерушілерге қарсы күш қолданылған жоқ. Артынан кәдімгідей бұзақылар келді. Полицияның қалқандарына секірді, тепті және тағысын тағы. Үшінші толқынмен тонаушылар келді. Олардың саны өте көп болған. Ішінде кісі өлтірушілер, зорлаушылар болды. Ал, ең бастысы, оларды кәсіпқой содырлар басқарып отырған. Барлығы арнайы дайындықтан өткен. Қаланы да жақсы білді", - дейді Тоқаев.
Полиция департаментіне шабуыл жасағандардың нақты мақсаты да болған.
"Оларды материалдық заттар қызықтырған жоқ. Әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасағанда қылмыстық істер мен құқық қорғаушылардың жеке құжаттарын алуға тырысты. Бұл жан-жақты жоспарланған операция болды. Террористік сипаты бар. Оған шетелден содырлар да тартылды", - деді президент.