Қоғам

Қазақстанның оңтүстігінде жарық өшіп қалды – апаттың себебі анықталды 

KEGOC электр энергиясы Өзбекстанның Сырдария жылу электр станциясындағы қысқа тұйықталу салдарынан ажыратылғанын мәлімдеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда электр желілерін басқаратын KEGOC компаниясы жарықтың жаппай өшу себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Осыдан үш күн бұрын Қазақстанның оңтүстік аймақтарында аяқ астынан жарық өшіп қалған. Алматы қаласы да электр энергиясынсыз отырды. Сол күні Өзбекстан мен Қырғызстанда да тура сондай проблема болған.
"2022 жылы 25 қаңтарда сағат 11:59-да Өзбекстанның Сырдария ЖЭС-сында қысқа тұйықталу салдарынан 6 энергетикалық блок өшіп қалды. Жалпы жоғалған генерацияның көлемі 1 500 МВт-қа жетті", - дейді KEGOC мамандары.
Ал Қазақстанның энергия жүйесі Өзбекстан мен Қырғызстанның жүйелерімен қатар жұмыс істейді және бір-біріне қосылған. Ал Өзбекстанда 6 бірдей блок тоқтап қалғаннан кейін осы елдің энергия жүйесі жетпей тұрған қуатты Қазақстаннан тарта бастады. Сол кезде "Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі" желісіне салмақ түскен. Соның салдарынан энергия жүйесі өшіп, қайта іске қосылды. Ондайда автоматика Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын оқшауланған жүйеге ауыстырады. Әйтпесе жүйеге қатты салмақ түсіп, энергетикалық қондырғылар күйіп кетеді. Оңтүстік аймақтар мүлдем жарықсыз қалатын еді. Осылайша Қазақстандағы электр станциялары өз жұмысын тоқтатқан жоқ.
"Ал Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толығымен өшіп қалды. Барлық электр станциясы тоқтатылды, тұтынушылар электр энергиясынсыз отырды. Қырғызстанда өшіп қалған жарықтың жүктемесі 2 600 МВт (тұтынудың 100%) және Өзбекстанда 9 600 МВт (тұтынудың 100%) құрады. Қазақстан тарапынан көрші елдердің энергия жүйелеріне көмек көрсетілді. Олардың электр станцияларына қажетті кернеу берілді. Соның арқасында қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті", - делінген ресми хабарламада.  
KEGOC жарық майнерлердің кесірінен өшіп қалды деген ақпаратты жоққа шығарды.